"Басымнан үш рет ұрды": Астаналық алимент төлемеу үшін бұрынғы әйелін өлтіруге киллер жалдаған (ВИДЕО)
Киллер полицияға өзін әйелдің бұрынғы күйеуі жалдағанын айтқан.
Астана тұрғыны Ксения Первова бұрынғы сүйіктісінен қорғауын сұрап, президентке видеоүндеу жолады. 19 сәуірде көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің подьезінде әйелге киллер шабуыл жасаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы видео Instagram парақшасында жарияланды.
Жәбірленуші сол күні балаларымен үйге кіріп бара жатқан кезде бетіне бетперде киген киллердің оған шабуыл жасағанын қорқынышпен еске алады.
«Ол мені белгісіз бір затпен басымнан үш рет ұрды. Өзінің берген жауабында тас екенін көрсеткен. Ары қарай мені 14 этаждың баспалдағымен балконға қарай сүйреп, сол жерден атпақ болды», - дейді әйел видеода.
Балалары үшін ол күш тауып, лифтке қарай жүгірген. Алайда, басынан тағы соққы алып, сол жерде құлап қалған.
«Мен орнымнан тұрып көмектесулерін сұрап көршілердің есігін қақтым. Сол кезде ол мені өлтіре алмады. Өйткені бірі көріп қоя ма деп қорқып кетті», - дейді әйел.
Киллер полицияға өзін әйелдің бұрынғы күйеуі жалдағанын айтқан. Ксения 13 жастағы қызы үшін оны алиментке берген. Сол үшін өлтіруге тапсырыс берді деп ойлайды. Қызының әкесімен ол ресми т үрде некеде болмапты.
«Ол алимент төлемей, қарызы 4 млн теңгеге дейін өскен. Сол кезде менің алименттен бас тартуымды айтып, қорқытқан болатын. Оны қазір 15 тәулікке қамады. Байқоңыр ауданының полициясы «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғады. Құрметті президент мен сізден бұл істі өз қолыңызға алуыңызды сұраймын. Егер ол абақтыдан шықса, өзінің пасық ісін қайта істейді. Сондықтан мені және балаларымды қорғауыңызды өтінемін», - дейді ксения видеода.