Экс-имам: мұсылманша неке қидырып, заңды түрде үйленбейтіндер нағыз алаяқтар
Азаматтар діни бірлестіктердің айтқанына емес, тек заңға бағынуға тиіс деді
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында дінтанушы Тұрарбек Құсайынов шариғат бойынша неке қию ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексіне қайшы екенін айтты. Ол соған байланысты петиция жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, көрші мемлекет Өзбекстан шариғатпен неке қиғандарға айыппұл салады, тіпті 15 тәулікке дейін қамайды. ҚМДБ-ның «шариғи некеге» тыйым салу мәселесі алдағы күндері қаралатынын және қол жиналғаннан кейін петиция Президентке жолданатынын жеткізді.
«Баспасөз мәслихатында көтеріп жатқан тақырыбымыз - шариғи некеге заңмен тыйым салу. Мысалы, көршілес Өзбекстанда шариғатпен неке қиған адамдарға 9 миллиондай сом айыппұл, 15 тәулікке дейін қамайды. Олар заңды қабылдап қойған. Көптеген еркектер жауапкершіліктен қашу үшін, Ресми үйленсе ортақ мүлік болады. Сотқа барады. Содан қашу үшін тиын-тебенін имамға береді де неке қидырады. Ешқандай заңды күші жоқ неке куәлігін шығарып алған. Бұл әйелге шектеу қою үшін негізінде жасалған. Араби дәстүрдің өзі сондай. Еркекке бәрібір "талақ" деп кете береді. Басқа адамды алып жүре береді. Ал әйел үш ай күтуі керек. Мемлекеттік АХАЖ шариғаттан мың есе артық. Ол жерде әйел адамның құқығын көтереді. Ажырасқаннан кейін де саған олар екі ай ойлануға уақыт береді. Ал шариғи некеде ешқандай жауапкершілік жоқ. Проблема осында. Біз осы проблеманы көтеріп отырмыз», - дейді Құсайынов.
Сонымен қатар, белгілі публицист Құранды орыс тіліне аударған автор Серік Рысжанов баспасөз мәслихатында көп әйел алуға қатысты пікірін білдірді. Ол көп әйел алуды заманның қалдығы деп атады.
“Көп әйел алу – архаизм және өткен заманның қалдығы. Құранда жазылған бойынша екі, үш және төрт әйел алуға болады. Бірақ оның бір шарты бар. "Әділ болмаймын деп қорықсаңыз, біреуіне үйленіңіз" делінген. Бұл анық айтылған. Төртінші сүренің 129-аятында Жаратушы "Бірнеше әйелге адалдық таныта алмайсыңдар, тіпті талпынсаңдар да" деп айтқан. Осы жерде ер адам әділ бола алмайтындықтан, ол бір әйелге ғана үйленуі керек деген шарт автоматты түрде қосылады. Негізі Құран көп әйел алуды құптамайды, өйткені ер адам әділ бола алмайды”, – дейді Серік Рысжанов.
Ол Қазақстанда шариғат заңдарын насихаттайтын діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салуды, олар мемлекеттік құрылымдарды алмастыра алмайтынын жеткізді. Азаматтар тек заңға бағынуға тиіс деді. Сондай-ақ, ол азғындық жасағаны үшін әйелдерді "таспен ұру " секілді әлі күнге дейін айтылып, қолданылып жүрген материалдарға шара қолдануды ұсынды.
"Мұндай шариғат заңдары әлі күнге дейін оқытылады. Қазіргі заманғы әлеуметтік заңдарға тікелей қарама-қайшылық бар. Мемлекет мұндай ақпарат түріне тыйым салуы керек, өйткені ол қауіпсіздікке тікелей қатысты. Мемлекет заңдары негізі Құран құндылықтарына сәйкес келеді. Құранда айтылмаған ескі заңдарға тыйым салу ол біздің мүміндерге, сенімге деген қарсылығымызды білдірмейді. Бұл экстремизмге тыйым салу", – деп сөзін аяқтады Серік Рысжанов.