Арулар

Семейде 33 жастағы әйелді жігіті көлігімен қасақана басып өлтірді

Полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

33 жастағы әйелді түнгі уақытта бұрынғы жігіті өз көлігімен әдейі қағып өтіп өлтірген. Әйелдің жақындары олардың қарым-қатынасы ұрыс-керіске ұласып, жігіт оны үнемі таяқтап келгенін айтқан. Сол себепті де олар екіге айырылған. Бірақ, жігіт одан кек алу үшін осындай қатігездікке барған көрінеді, деп жазды KYN.KZ  тілшісі.

Абай облысы полиция департаменті баспасөз қызметі күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Аталған факті бойынша Әуезов полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Күдікті анықталып, ұсталды. Оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, сот-медициналық сараптамалармен дәлелденді. Қазіргі уақытта күдікті сотқа берілген, — делінген хабарламада.

Құқық қорғаушылар жариялаған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, оның өлімі ашық бассүйек-ми жарақатының салдарынан болған. Қыздың денесінен тоғыз гематома анықталды, олардың кейбіреулері үш апта бұрын жасалған. Бұл тұжырым қыздың жүйелі түрде соққыға жығылғанын көрсетеді.