Бизнес бастау үшін 1 жарым млн теңгелік грант алуға өтінім қабылдау басталды
Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды.
Business.enbek.kz порталында (бұдан әрі - Портал) 2024 жылғы 20 мамырдан бастап 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылады.
Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін қажет:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттарды Еңбек мобильділігі орталығы грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.