Арулар

Алматыда "элиталық жезөкшелер" ұжымының ұйымдастырушысы блогер Айкаға үкім оқыды

Ол 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматы қаласының Әуезов аудандық соты қоғамды елең еткізген «Айка тізімі» бойынша қылмыстық істі қарады.

Айта кетейік, айыпталушы ретінде М. және Т. есімді азаматтар саналған болатын.

Тергеу органы М.-ны аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады, сондай-ақ 52 эпизод бойынша бір топ адамдармен жеңгетайлық жасады деп (ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы) айыптады.

Ал, Т. -ға бір топ адамдармен 12 эпизод бойынша жеңгетайлыққа көмектесті деген айып тағылды (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 309-баптың 2-бөлігі, 1-т.).

Сот отырысы жабық режимде өтті. Белгілі болғандай, 2023 жылдың мамыр айында М. аса ірі мөлшерде мефедронды (психотроптық затты) сату мақсатынсыз заңсыз сатып алып, өзімен бірге заңсыз тасымалдаған. Ұстау кезінде полиция қызметкерлері сотталушының сөмкесінен психотроптық зат тәркілеген.

Сондай-ақ М. 2020-2023 жылдар аралығында материалдық пайда алу мақсатында Т.-мен бірлесіп, интимдік қызмет көрсету үшін жеңгетайлық жасаған.

М. осы қызметтер арқылы жеке өзі немесе сыбайласы Т. арқылы қыздардан ақша алып отырған.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді.

М. кінәсін ішінара мойындаған, Т. кінәсін мойындамаған. Прокурор М.-ны жалпы қылмыс жиынтығы бойынша 4 жылға, Т.-ға 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сот М.-ның жасаған ісіне өкінетінін, қылмысты ашуға белсенді түрде көмектескенін, жас баласының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Т.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Осылайша, М. ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті 6 жыл 6 ай түрінде жаза тағайындалды.

Ал, Т. ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 309-баптың 2-бөлігі, 1- тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 8 ай түрінде жаза тағайындалды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.