Алматыда мас үш адам жедел жәрдем қызметкерін пәтерге қамап, тепкінің астына алған
Себеп дәрігер болмашы жараны үйден емдеуге кеңес берген. Ал, мас әйел өзін алып кетуді талап еткен.
Алматыда жедел жәрдем қызметкерлерін пәтерге қамап, қол көтерген үш адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Телеарна ақпаратынша, Алматыда үш адам жедел жәрдем қызметкерлерін пәтеріне қамап, балағаттап, қол көтерген. болмашы жарақаты үшін "ауруханаға апар" деп айқай шығарған.
"Тәртіп сақшылары ұрып-соғып, ішімдік ішіп, тыныштықты бұзып, тіркеусіз тұрып жатқан үш азаматқа қатысты шара қолданды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі", - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Телеарна мәліметінше, күдіктілер дәрігерлерді пәтеріне қамап алып, бәйәдеп сөздер айтқан. Кейін мас әйел жедел жәрдем қызметкерін жұдырықтай жөнеліпті. 103-ке "қолым ауырып жатыр" деп пәтердегі ер адамның бірі телефон соққан. Тексеруге келген мамандар жарақаттың болмашы екенін байқап, үйінен емделуге кеңес береді. Алайда мас күйдегі әйелі ауруханаға апаруын талап еткен.
Дәрігерлер мұндай оқиғалардың жиі кездесетінін айтады. Екі-үш жылдың ішінде алматылық фельдшерлерге 30-дан аса шабуыл жасалыпты. Бірақ бұзақылардың басым бөлігі дәлел болмаған соң жазадан құтылып кеткен.
Өйткені сала мамандары әлі күнге дейін видеоға түсіретін құралмен қамтылмаған.
"Денсаулық сақтау министрлігінің №225 бұйрығы бойынша жедел жәрдем қызметкерлері видео жетонмен қамтамасыз етілуге тиіс. Қазір осы процесс бойынша жұмыс жүргізілуде. Егер бұл толық шешімін табатын болса, осындай жағдайлар, яғни бейәдеп сөз, дөрекілік, күш көрсетулер 50 пайыздан жоғары жойылады деген сенімдеміз", - дейді Алматы медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Шайхидин Бәдіров.