Алматыда өгей ұлын ұрып өлтірген 19 жастағы жігітке сот үкім оқыды
Мұғалімімен азаматтық некеде тұрған студент оның кішкентай баласын өлімші етіп сабап тастаған еді.
Ашынасының сәбиін сабап өлтіргені үшін 20 жыл. Алматыда сот өгей ұлын ажал құштырған студентке үкім кесті. Қаскөй енді жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге тиіс, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
"Дархан Асхатұлы Дәулетов ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігімен көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылсын және оны педагогикалық лауазымды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын. Дәулетов жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтесін",-деді судья Бақытхан Бәкірбаев.
Сотталушы енді жәбірленушілерге, яғни марқұм Хантөренің туған әкесіне 10 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Естеріңізге салсақ, қанды оқиға былтыр қыркүйек айында «Алма сити» тұрғын үй кешенінде болды. 19 жастағы студент өзі оқитын колледждің мұғалімімен көңіл қосып бірге тұрған. Кейін сол азаматтық некедегі әйелінің кішкентай баласын өлімші етіп ұрып, балабақшаға апарып тастайды.
Оңбай таяқ жеген бүлдіршін құсып, ауырсынған соң, тәрбиешілер полиция мен жедел жәрдем шақырған. Кішкентай Хантөре өгей әкесінен таяқ жегенін сол тәрбиешілерге айтып үлгеріпті. Өкінішке қарай, бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады. Ал өгей әкесіне қатысты айтқаны көп ұзамай-ақ дәлелденген.