"Жалаңаш фотоңды жариялаймыз": Түркістан облысында 11-сынып оқушысы қызды пышақтап, денесін суға ағызып жіберген
Ол жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.
Түркістан облысында 9-сынып оқитын қызды пышақтап өлтірген екі күдіктіге қатысты қылмыстық іс қайта қаралды, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
9-сынып оқушысын бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы бопсалап, ақша сұраған.
"Бір миллион теңге бермесең, жалаңаш фотоңды желіге жариялаймыз" деп қорқытқан. Ал, кейіннен қызды пышақтап, денесін суға ағызып жіберген.
Өткен жылы сот үкімімен негізгі сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 1-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 10, 14-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалған болатын. Ал, сыбайласы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабымен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 4 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 132-бабының 4-бөлігі, 194-бабының 2-бөлігінің 2)-тармағы, 99-бабы 2-бөлігі 7,10,14-тармақтарымен айыпталған күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қайта қаралды.
Алқабилердің шешімімен негізгі сотталушыға шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 132-бабының 4-бөлігімен, 194-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен, 99-бабының 2-бөлігінің 10, 14-тармақтарымен кінәлі деп танылған оған түпкілікті 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.
Ал, екінші сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол да жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.