"Қайын атам зорламақшы болды": күйеуінің науқас екенін айтқан келіншек көмек сұрады
Өз хатында келіншек өмірден шаршағанын жазған.
Қайын атасының өзін зорламақ болғанын айтқан Сымбат есімді келіншек науқас күйеуі жайлы сыр шертті, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Oinet.kz-ке жолдаған хатында ол өмірден әбден шаршағанын жеткізді.
"Тағдырдың жазуымен бір аяғым протез. Жеңгем мені сыйдырмады. Мені есіктен кірген бірінші ауыз салушыға ұзатты. Бес жыл болды жарымжан жанмен, оның жақындарымен бірге тұрып жатырмын. Күйеуімнің құлағы естиді, сөйлей алмайды. Неврологиялық ауру екен. Мен оның үшінші әйелі екенмін. Бірінші әйелінен бір қыз, екінші әйелінен бір ұл кеткен. Мұны мен жақында білдім. Екі балапан да мүгедек. Біреуі сал, екіншісі мәңгүрт, аяқ-қолы да істемейді.
Екі қабат кезінде аналарын өлгенше сабаған екен. Оларға жаным ашиды. Қазір сол күн маған да туды. Үйдің бар жұмысын жасай беремін. Тандыр жабу, сиыр сауу, күбі пісу, бәрін істеймін. Түнде протезімді шешуге де шамам келмей құлаймын. Бәрі жабылып ұрады, атам, енем, байым. Кінәм, мен бала көтере алмайды екенмін. Шаршадым. Міне, бүгін протез киген аяғымды кір жаятын сыммен ұрып, енді кие алмай отырмын. Кетейін десем, қайда барам? Екі күн бұрын атам моншаның есігін бұзып кіріп, зорламақшы болды. Енеме айтсам, сен өзің жабысқансың деп отыр. Өлгім келеді. Алладан ғана қорқып өзімді тоқтаттым. Шаршадым, өте шаршадым. Өтінем ауыр әңгіме айтпаңыздаршы", - дейді Сымбат есімді келіншек.