Мәдениет

Азамат Сатыбалды: "Өлім төсегінде жатқан әкемнен кешірім сұрай алмағаныма өкінемін"

Өнер иесі әлі күнге дейін әке-шешесісее қоштаса алмағанға ұқсайды.

Танымал актер Азамат Сатыбалды пандемиядан кейін көз жұмған ата-анасын еске алып, көз жасына ерік берді. Өнер иесі әке-шешесіне деген сағынышын "1001 түн" бағдарламасында жеткізді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.

Өнер иесі әлі күнге дейін әке-шешесімен қоштаса алмағанға ұқсайды. Үйіндегі олардың бөлмесін жаңартпай, ата-анасымен сол бөлмеде сырласып тұрады екен.

 "Осындай істердің алдында ара-тұра барып, жатамын. Әкем мен анамның төсегіне жатамын, екеуімен әңгімелесемін. Сол бөлмесі мен үшін мұражай сияқты. Ол – бітпейтін сағыныш", - деді ол.
Актер пандемиядан кейін кешқұрым әкесі мен анасының Назым екеуінің бөлмесіне кеп, өздеріне деген алғысын жеткізгенін айтады.
"Екеумізді жерге отырғызып, бізбен әңгімелесті. Сол кезде әкем батасын берді. "Балам, мен әкемді де, шешемді де қолымнан аттандырдым. Сонда көрші ата маған "балаңнан қайтады" деп айтып еді. Менің баламнан қайтты. Мен Назым екеуіңе екі дүниеде де ризамын" деді. Мен сол кезде жылап қалдым да, "әке, ол менің міндетім, парызым ғой, артық кеткен жерім болса, кешіріңіз" деп кешірім сұрай алмай қалдым. Өйткені жылап, әкемді құшақтай бердім. Ол 20 күннен кейін қайтыс болды. Әлі күнге дейін сол сөзді айтпағаныма өкінемін. Қазір әке-шешесі бар адам көрсем, қызығамын, бір жағынан қызғанамын. Өйткені сауап алатын дүние көп", - деді Азамат Сатыбалды.   

Айта кетейік, әншінің анасы 2023 жылдың желтоқсан айында 85-ке қараған шағында өмірден өткен болатын.