"Жеңіл жүрістіге ұқсайсың": Алматыда спа салонында істейтін қызды тәжікстандық жігіт соққыға жыққан
Ол қарама-қарсы тұрған дәмханалардың бірінен СПА-салонға келіп, сыра құйып беруін сұрапты.
Алматыда СПА-салонға баса-көктеп кіріп, әкімші қызды соққыға жыққан ер адам ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ол қарама-қарсы тұрған дәмханалардың бірінен СПА-салонға келіп, сыра құйып беруін сұрапты. "Алкоголь сатпаймыз" деген қыздың жауабына ашуланып, қолына түскен затты қызметкерге лақтырған.
"Сіңлімнен арақ сұраған. Арақ немесе сыра деген. Сіңлім "Бұл жерде алкоголь сатылмайды, шығыңыз" деген. Ол ақша ұсынып, "Сен жеңіл жүрісті қызға ұқсайсың, мен сені алып кетейін осы жерде күтемін" деп айтқан. Сосын сіңілім "Бұл жерден шығыңыз" деп айтқан кезде ол аузына келгенін айтып боқтаған. Басынан ұрып, шашынан тартып сүйреген", - дейді жәбірленушінің әпкесі Дана Әлімсейітова.
СПА-салонның 25 жастағы қызметкері басынан оңбай соққы алған. Алған жарақаты жүйке жүйесіне де әсер етіпті. Оқиға түнгі сағат 12 шамасында болыпты. СПА-салонда отырған клиенттер дер кезінде полиция шақырып үлгерген. Ер адам қазір қамауда. Тергеу кезінде оның Тәжікстан азаматы екені анықталған. Полиция сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін құқықтық баға берілетінін хабарлады.
"Шабуылға қатысты тергеу жүріп жатыр. Әйелді жарақаттаған ер адам қамауға алынды. Ол Тәжікстан Республикасының азаматы. Алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алматы полициясы мұндай қоғамға жат әрекетке жол берілмейтінін және қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді", - деді Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасының басшысы Нұрлан Нұрқасымов.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Алматыдағы СПА салондардың бірінде ер адамның қыз баланы ұрған видеосы таралып кеткен болатын.