Мәдениет

"12 мың билет сатылған": Стамбұлда Димаш Құдайбергеннің жеке ән кеші өтіп жатыр (ВИДЕО)

Отандастарын көруге Түркияның түкпір түкпірінен қандастар жиналды.

Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген Түркияның Стамбұл қаласындағы Бешикташ стадионында өзінің 27-шығармашылық кешін өткізіп жатыр, деп жазады KYN.KZ тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша 12 мың билет сатылған. Ал стадионның сыйымдылығы 43 мыңға жуық. Келушілердің дені қазақ қандастар. Түркияның түкпір-түкпірінен келген қазақтар Димашты көріп, елге деген сағынышын басып жатқанға ұқсайды.

Еске сала кетейік, бүгін 30 жасқа толған Димаш Құдайберген Витебскте өткен «Славян базары – 2015» халықаралық ән байқауынан кейін көпшілікке таныла бастады. Бұл байқауда әнші гран-приді жеңіп алды.

Ал көпшіліктің сүйіспеншілігіне Қытайдың «Мен әншімін» жобасына қатысқан сәттен бастап бөленіп келеді. Бұл байқауда Димаш қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де таңдай қақтырды, өнеріне тәнті етті. Бұл жобада Димаш Құдайберген 2017 жылы екінші орын алды.