"Бірі адам пышақтайды, бірі жасөспірімді өлтіреді": Сағыз ауылының тұрғыны ұлының өліміне полицейлерді кінәлайды
Ж.Шүренбай видеоүндеу жолдай отырып, ІІМ-не қайрылып, «екі полиция жазадан құтылып кетпейтініне кепілдік беріңіз!» дейді.
25 сәуір күні Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында мотоциклден құлап, мерт болған 17 жастағы Кемелбай МЕРЕКЕНІҢ анасы Жанаргүл ШҮРЕНБАЙДЫҢ әлеуметтік желіде видеоүндеуі тарады, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Azh.kz мәліметінше, автор видеода мотоцикл айдап келе жатқан ұлының соңынан полиция қызметкерлері қызметтік көліктерімен қуып,оған соқтығысып, соққы басынан тиіп, қайтыс болғанын айтады. Анасының видеода сөйлеген сөзінен үзінді мынау:
«Қайғыдан қан жұтып отырмын. Ер жетіп, азамат болғанда полиция қуып, құлатып, басынан басып, өлтіріп отыр. Ұлым қылмыскер емес. Жасы бар болғаны 17-де еді. Қуатындай қандай себеп болды соншама? Бұл заңсыздықты кім қашан тоқтатады? Полиция бөлімінде не боп жатыр? Біреу адамды пышақтайды, екіншісі қызметті көлігімен жасөсөпірімді басып өлтіреді. Онымен қоймай, болған оқиға сызбасын дұрыс жасақтамайды. Бұл не, полицияның білімсіздігі ме? Бұл заңсыздық қашан тоқтайды?».
Ж.Шүренбай видеоүндеу жолдай отырып, ІІМ-не қайрылып, «екі полиция жазадан құтылып кетпейтініне кепілдік беріңіз!» дейді. «Бүгін менің, ертең өзгенің басына келмесіне кім кепіл?» деген ана бұдан соң ҚР бас прокурор мен облыстық прокурордан көмек сұрайды.
Біз Атырау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінен комментарий сұрап, бірнеше сауал жолдадық. Сұрақтардың мәтіні мынадай:
«1. 25 сәуір күні мотоциклден құлап, мерт болған 17 жастағы Кемелбай Мерекені екі полиция капитаны Медет Сарин мен Хамит Қуанышбек не үшін қуды?
2. Анасының екі полицияны ұлының өліміне кінәлап отырғанына қатысты комментарий берсеңіз. Қызметтік көлігімен неге соңынан қуды? Көлік соқтығысып, басынан ұрып құлатып өлтірді дейді.
3. Қазір бұл екі полицияның үстінен қылмыстық іс қозғалды ма? Қандай баппен іс тергеліп жатыр? Тергеліп жатыр ма?
4. Сағыз ауылында полиция кімді пышақтады? Бұл дерек бойынша нақты ақпарат беріңізші.
Баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТ былай деп жауап берді:
- Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.Полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, нәтижесінде бір қызметкер ішкі істер органдарындағы қызметінен теріс себептермен, бір қызметкер атқаратын лауазымынан босатылды.
Еске салайық, оқиға болған күннің ертесіне 26 сәуір күні Атырау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі ауа райы жылынғалы мотокөліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары көбейгені жөнінде баспасөз хабарламасын таратқан. Ақпаратта жыл басталғалы мотокөліктердің қатысуымен 34 жол-көлік апаты болғаны, оның 12-сінде жасөспірімдер ешқандай құжатсыз мотокөлік басқарғаны айтылады. Осындай көлік апаттарынан 25 адам түрлі дене жарақатын алып, 2 адам қаза тапты.