Қоғам

"Зорлап, видеоға түсірген": белгілі журналист Қызылордада 20 жастағы қыздың ісін полиция қарамай жатқанын айтты

Нәзия Жоямерген: "20 жастағы қызды ұрып-соғып, зорлап, видеоға түсіріп, сосын бопсалап, тағы зорлаған".

Белгілі журналист Нәзия Жоямерген Қызылордада 20 жастағы қыздың ісіне полиция қызметкерлерінің салғырт қарап отырғанын айтып, бұны бассыздыққа теңеді, деп жазады KYN.KZ тілшісі. 

Ол қыз баланы бұндай жағдайға әкеп соққандарды жазалау керек деген пікірде.  

"Қызылордада бассыздық. 20 жастағы қызды ұрып-соғып, зорлап, видеоға түсіріп, сосын бопсалап, тағы зорлаған. Пышақ әкеп,тағы қорқытқан. Ол еркек (егер “еркек” деуге келсе) тайраңдап бостандықта жүр. Қыздың шешесі зар илеп отыр. Ал Қызылордадағы полиция - жайбарақат.

Өткенде Қызылорда облысы Шиелі ауданында мектеп оқушылары төбелесіп, бір бала өлгенде де полиция асыға қоймаған. Былтыр Қазалы ауданындағы экс-майор ма, полковник па (елдің айтуынша) біреудің баласы оқушыны басынан тепкілеп, өлімші еткенде де қыңқ етпеген Қызылорданың полициясы. Құнжыңдап, тергеп-тексерген болды, бітті… Кімдер ұрды? Баланы не үшін тепкіледі? Қоғам хабарсыз.

Тоқаев сұраса, ғана жауап беретін шығар. Қызылорда облысының әкімі елді жинап алып, “ақыл” айтыпты. Әкімнің бос ақылын құлағына ешкім қыстырмағаны анық. Енді міне, қаршадай қызды зорлап, қорлап, видеоға түсіріп, ол аз болса, пышақпен қорқытқан. Полицияға бәрібір. Бәріміздің ұл-қызымыз бар. Болашағына, тағдырына алаңдаймыз. Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз?", - деп жазды ол желідегі парақшасына.