"Абайсызда кісі өлтіріп алғанын" айтқан Бишімбаевтың қорғаушылары сотқа төрт апелляциялық шағым түсірмек
Ақпаратқа сәйкес, үш адвокаттың ішінде алғаш шағым түсірген Ерлан Ғазымжанов болған.
Қуандық Бишімбаевтың оны абайсызда кісі өлтіріп алды деп санап, төрт аппеляциялық шағым түсірмек, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
КТК арнасы 28 мамыр күні Бишімбаевтың қорғаушылары қалай қарсылық танытып жатұанын баяндады. Ақпаратқа сәйкес, үш адвокаттың ішінде алғаш шағым түсірген Ерлан Ғазымжанов болған. Ол үкімнің "Кісі өлтіру" бабына қатысты тұсын "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабына ауыстыруды сұрап отыр. Ал үкімнің "Қорлау" бабына қатысты бөлігін мүлде алып тастау керек деген пікірді ұстанады.
"Ертең екі әріптесім мен Бишімбаевтың өзі де изолятордан апелляциялық шағымын жібереді" - дейді адвокат.
29 мамыр күні тергеу изоляторынан Бишімбаевтың өзі апелляциялық шағым жібереді деп жоспарланып отырғаны да мәлім болды.
"Апелляциялық шағымда сот талқысы кезінде судья жол берген 20-ға жуық процессуалдық заң бұзушылықты көрсеттік. Бұл, біздің ойымызша, алқабилер шешімі мен үкімнің заңсыздығына себеп болды. Бүгін тергеу изоляторында болдым, қорғауымдағы азамат Қуандық Бишімбаевқа өтініш мәтінін көрсеттім, ол келісіп отыр. Ертең ол да өз шағымын жібермек" - деді Ерлан Ғазымжанов.
Еске салсақ, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаевпен бірге ауыз жаласып, қанды қылмысты жасырғаны үшін інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды. Ол да күні кеше үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген еді.