Депутат: тәңіршілдік деген дін емес, бұлар адасушылар
Еділ Жаңбыршин: бізде мойындалған негізгі діннің бағыттары бар.
Әлеуметтік желіде тәңіршілдікті дін ретінде тануды талап ететін петиция пайда болды. Осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин сөз қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат порталы.
Ол "дінді саяси құралға айналдыруға болмайды, себебі дін әр адамның жеке таңдауы" деген пікірді алға тартады.
«Тәңіршілдік деген дін емес. Біздің ата-бабамыздың ұстаған діні – ислам. Сондықтан бұлар адасушылар болуы мүмкін. Дұрыстап оқысын, зерттесін. Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Шәкәрім, Абайлар адаспаған шығар деп ойлаймын.
Бізде мойындалған негізгі діннің бағыттары бар. Сондықтан мемлекет оны қарайды деп есептеймін. Қоғамда әдейі арандатушылық туғызып жүрген топтар болуы мүмкін. Оның артында да біреулер тұруы мүмкін. Кім біледі, сырттан да осындай әдейі қозғалыстар жасауы мүмкін. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары бұл мәселемен айналысуы керек», - деді Еділ Жаңбыршин.