Арулар

Трактор жүргізіп жүрген 72 жастағы әжей қызықты өмірі жайлы айтты

Әжей: қыз күнімнен трактор басқарып ауыл шаруашылығында еңбек еттім.

Ауыр техника десе, көз алдымызға бірден ерлер қауымын елестетеміз. Бірақ техниканың  тілін тапқан нәзік жандылар да бар. Сондай жанның бірі – 72 жастағы Рымтай Әбенқызы. Адал еңбек етіп, кезінде ерлермен бірге иық тірестіре талай жұмысты атқарған.

Қарағандылық қария жайлы KYN.KZ тілшісі   El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып жазды.

Рымтай Әбенқызы Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Талды ауылында тұрады. Бүгінде 72-ні алқымдаған ақ жаулықты әже әлі күнге дейін трактор жүргізіп келеді. Ақшатау ауылының тумасы қарт тракторшы ауылдастарына сыйлы әрі қадірлі. Кеңес Одағы тұсында Талды ауылында трактор мен жер жыртып, шөп шауып, мал бордақылау алаңында еңбек еткен. 40 жылдық еңбек өтілі бар механизатор.

Айтуынша 1970 жылы алғаш рет тракторға отырған екен. Алғашында бойында үрей болғанын жасырмады.

Тракторға алғаш отырғанда біраз қорқыныш болды. Одан кейін тез үйреніп кеттім. Трактормен жер жыртып, шөп шауып келе жатқандағы әсер ерекше болады. Айналаңа қарап, табиғатқа тамсанасың. Үйде ермінезді болып өстім. Күрес ұстап, ұлдармен күресіп осылай ер жеттім, – дейді ол.

Бүгінде кейіпкеріміз алты ай қыста жиналған күл-қоқысты трактормен сыртқа тасып, бір ай бойы «Таза Қазақстан» акциясына атсалысқанын айтты.

Ауыл адамдарына қандай да бір көмек керек болса трактормен шығып, қолұшын беруден қашпаймын. Өзім үйде отыра алмаймын. Сәл үйде отырып қалсам болды, аяқ-қолым қимылдамағасын қақсай бастайды. Сол себепті жұмыс істегім келіп ынталанып тұрамын. Шаршауды  білмеймін. Өйткені кез келген ауыр жұмысқа денем әбден үйреніп қалған. Әрі-бері шаруа істеп жүре беремін, – дейді тракторшы әже.

Жастайынан еңбекке ерте араласқан кейіпкеріміз еңбекпен тәрбиеленгенін айтады. Ауыр жұмысты ер адамдардан артық атқармаса, кем істемейді. Бүгінде жасы 72-ден асып бара жатса да, еңбек еткенді жаны қалайды, содан ләззат аламын деп отыр.

1970 жылы қыздар бригадасын құрып алты қыз тракторға отырып, шөп шаптық. Бригаданың басшысы мен болдым. Жаз мезгілінде ғана шөп шапсақ, күзде қойшыларды трактормен көшіреміз. Қыста сол қойшыларға көмекші боламыз. Қой төлдетуге көмектесеміз. Сол заманда қиын болды. Ұлдар да қыздар да бәріміз бірге жүріп еңбек еттік, – дейді Рымтай Әбенқызы.

Осылайша еңбегін бағалаған Кеңес үкіметі 1973 жылы Рымтай Әбенқызын «Құрмет» орденімен марапаттайды.

Қазір трактордан бөлек жеңіл көлік те жүргіземін. Зейнеттемін, жеңіл көлікпен өрістегі азын-аулақ қойды барып қарап келемін. Кейде кезекпен бағамын. Бала-шағам бар. Олар менің трактор жүргізгеніме қарсы емес. Керісінше, өзіңе ұнайтын іспен айналысқаныма қуанады. Кейбір адамдар осы жасқа келіп трактор жүргізгеніме таң қалатын кездері болады, – дейді Рымтай әже.

Рымтай Әбенқызының өмірлік жары Ғазиз Иманбеков те кезінде механизатор болған екен. Олар бірге еңбек ете жүріп төрт баласын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріп, ер жеткізді. Қызын қияға қондырып, қазір олардан алты немере сүйіп отыр.  

Жолдасым Ғазиз да трактор жүгізушісі болған. Бірге шөп шауып жүріп, еңбек еттік. Жолдасымның өмірден өткеніне екі-үш жыл болды. Бүкіл үйдің шаруасы өзіме қарап тұр. Сондықтан да үйде отырмаймын. Үйдің ауласында бау-бақшамыз бар. Жеміс-жидек, көкөніс өсіреміз. Жазда солардың шөбін жұлып, маңайды тазартып жүргенде таң атып, кеш батқаны білінбей қалады, – дейді.

Рымтай Әбенқызы 72 жаста болса да, зейнеткер екеніне қарамастан, трактор тізгініне отырудың оңтайлы сәті түссе қалт жібермейді. Алдымен оның техникалық жағдайын тексеріп, май-суын ауыстыратынын айтады. Себебі техника ауыр жұмысқа жегілетіндіктен, жүрісінде кінәрат болмауы керек деп есептейді. Зейнеткерде төрт тонналық көлікті басқаратын физикалық күш пен бастысы тәжірибесі бар.

Отбасымда ер азаматым жоқ болғасын бар шаруашылықты өзім басқарып отырмын. Тракторға отыра бастаған алғашқы жылдан бастап, бала дүние келген соң декретке шықтым. Арасында басқа да жұмыстарды істеп жүрдім. Көп еңбек атқарып, әр түрлі жұмыс істедік. 7 жыл құрылыста қызмет етіп, 8 жылдай моншада от жағушы (кочегар) болдым. Арасында сүт тасымалдаушы машинамен сүт тапсырып тұрдық. Жалғыз трактормен емес, осындай түрлі жұмыс істедік, – дейді қария.

Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған тұсында қаншама әйелдер ауыр жұмысқа жегіліп, комбайынмен егін орып, шөп шапты. Бүгінде заман өзгерсе де, өз қалауымен осындай ауыр-ауыр техникалар мен жүк көліктерді жүргізетін жандардың қатары артып келеді.