Қоғам

"Өлтіріп, бермей қойсам не істер ең?": басы жарылып, ашық ми жарақатын алған сарбаз 5 айдан бері ес-түссіз жатыр

Сарбаз дер кезінде медициналық көмек ала алмағандықтан әлі күнге төсек тартып жатыр екен.

2023 жылы 27 мамырда Алматыдағы 5571 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған Ербаян Мұхтардың ес-түсін білмей ауруханада жатқанына 5 айдың жүзі болды. Жас сарбаз былтыр желтоқсан айының 4-і күні басы жарылып, ашық ми жарақатын алып, ауыр жағдайда №12 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Сол жерде сарбазға операция жасалады.

Ербаянның ата-анасына бригада командирі Бақдәулет Оспанбеков сарбазды дәретханада құлап, осындай жарақат алды деп түсіндірген. 19 күннен кейін Ербаян есін жинайды, алайда оны дереу әскери госпитальға ауыстырады. Ол жерде дәрігерлер кезекті рет ота жасаған. Содан кейін сарбаздың жағдайы қатты нашарлап кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Azattyq Ruhy ақпарат порталына сілтеме жасап. 

Кетерінде денсаулығында кінарат болмаған, жас жігіттің дәретханада құлағаннан ауыр жарақат алғаны ата-ананың көңіліне күдік ұялатқан. Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева сол күнгі казармадағы бейнебақылау камерасының жазбасын көрген. 

«4 желтоқсан күні түнгі сағат екінің кезінде болған. Сағат 2.04-те 6-шы ротаның сержанты Совет Сайлаубек дәретханаға кіреді. Артынан 5-ротаның сарбазы Даниял Жұмақұлов кіреді, сосын қайта шығып сарбаздар жатқан бөлмеге келеді. Сол кезде Ербаянды оятуға келген деп ойлаймын. Жұмақұлов дәретханаға қайта келеді. Ербаян оның артынан сағат 2.15-те дәретханаға кіреді. Екі минуттан кейін Жұмақұлов шығып, кезекшіге Ербаянның құлап қалғанын айтады.

Сол жерде сержанты бар, тағы бір сарбаз бар, Ербаянды көтеріп санитар бөліміне апарған. Жолшыбай жерге қаны тамшылаған. Олар неге құлаған баланы қозғайды? Неге сол жерге дәрігер шақырмайды? Жедел-жәрдемді таңғы 4-те бір-ақ шақырған. 

Қайтып келген соң, сарбаздар орындарына жатуға кетеді. Бірақ сержант кетпей жүріп алады, басын ұстап қояды. Бір нәрсеге алаңдағаны білінеді. Кезекшіге жолдағы қанды сүрткізеді. Дәретхананы нұсқайды, «кір» дейді. Кезекші әжетханадан Совет Сайлаубектің белдігін алып шығады да өзіне береді. Мен сержанттан сұрадым: «Беліңде бір белбеу тұр, екіншісін не істеуге алдың?» дедім, ол «менің екі белбеу тағатын әдетім бар» деді. «Ендеше екінші белдігіңді неге әжетханаға тастап кеттің?» деген сұрағыма жауап бере алмай қалды», - дейді Ербаянның анасы. 

Айтуынша, жедел-жәрдем көлігі Ербаянды №12 қалалық ауруханаға алып кеткен, таңғы сағат 10-да сарбаздың операция жасалып, 12-де аяқталған. Ота жасалам дегенше арада 6 сағат өтіп, жігіттің жағдайы ауырлап кеткен.

Күн сайын жаратқаннан баласының денсаулығын сұрап, жанын шүберекке түйіп отырған ата-ана Ербаянның өзі құлап, өте ауыр жағдайға түскеніне сенбейді. 

«Адам құлағанда қолын, иығын жерге тіреп, қорғанады ғой?! Дәрігерлердің өзі адам жығылғаннан мұндай жарақат алуы мүмкін емес екенін айтып жатыр. Баланың мұрны сынған, төбесінде тағы да жарақаты бар, басының оң жағы мен артынан соққы алған. Басшылар өздерін кінәлі санамайды, құлап қалды дегеннен айнымай отыр. Сараптама жасаған полиция капитаны Асылхан Анқабаев та «басы айналып, құлаған» деп жазып берген. Әділдік іздеп бармаған жеріміз, жазбаған арызымыз қалмады. Ешкім үн қатқан емес. Әскери полицияға арыз жаздық, ешқандай іс ашқан жоқ, прокуратураға да бардық», - дейді ашынған ана. 

Бұған дейін Алматыдағы әскери бөлімнің алдына журналистерді шақырып, жиын да өткізген. БАҚ беттерінде жариялаған. 

«Сол жерде ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев, тәрбие жөніндегі командир, әскери дәрігер болды. Дәрігер Ербаянның сол күні қызуы 36,7 градус болып, басы айналып құлады деп тұр. Бұл адамның сау кезіндегі дене температурасы емес пе?! Одан адам қалай құлайды? Ал, операторлар камерасын өшірген бойда, полковник Ниязтай Әлкешев маған қарап, «балаңды өлтіріп тастап, бермей қойсам, маған не қылар едің?» деп айтты», - дейді Гүлсім Қамиева. 

Мұхтар Ербаянның үш бауыры бар, өзі үйдің тұңғышы. Анасының айтуынша, еті тірі, өмірге құлшынысы жоғары, ақкөңіл, мейірімді, үнемі әлсіздерге көмектесіп жүретін ақжарқын жігіт. Бауырмалдығы сондай, қолындағы ақшасын, «оның мамасы жоқ қой, папасы жоқ қой» деп, танитын балаларға жаны ашып, беріп жүретін. Жастайынан алғыр, әрі спортқа жақын болып өскен. Футбол командаларының құрамында болып, мақтау естіп, марапатталып жүретін. Астанада Жоғары оқу орнына өз күшімен түсіп, еңбекке де ерте араласқан.

Гүлсім Қамиева «ЖОО-да білім алып жүрген Ербаянды әскерилер оқуына қарамастан, медициналық тесеруден өткіземіз деген сылтаумен әскерге алып кетті» дейді. 

«Жарқырап тұрған баламның қазіргі күйі адам шошырлық. Аурухана төсегіне таңылып, өздігінен тамақ іше алмайды, қозғала да, сөйлей де алмайды, дәретке өздігінен шыға алмайды. Қабырғасын санап аларлықтай, терісі сүйегіне жабысып қана тұр. Ем-домын жасап жатырмыз дейді, бірақ еш нәтиже жоқ. Бұрын аузы жыбырлайтын еді, қазір ол да жоқ. Барсам, маған қарамай жатады. «Неге алып кетпейсің» деп ренжитін сияқты. Ең құрығанда Астанаға жеткізіп берсе екен деймін. Қасымда болса екен деймін. Мені баламның қасына 5 минутқа қана кіргізеді. Одан артық отырғызбайды», - дейді көмейіне өксік тығылған ана. 

Гүлсім Қамиеваның айтуынша, дәрігерлер Ербаянның денсаулығы жол көлігімен Астанаға алып кетуге жарамайтынын, тек қана санавияциямен алып кету керек екенін айтқан.

Ербаянның ағасы Наурызбайдың айтуынша, қазір тергеу істері де тоқтап тұр. Жауапты адамдардан куәгер ретінде ғана куәлік алынған. Ал оқиға болғаннан кейінгі әскери бөлімге жүргізілген тексерудің нәтижесінде сәйкессіздік көп. 

«Қызметтік тексерудің қорытындысында көп ақпарат қате жазылған. Ербаянның құлаған жері 3-қабат деп көрсетілген, сол жерді фотоға түсіріп, өтірік суреттерді көрсетіп жүр. Мен кафельдерді санадым, олар суреттегімен сәйкес келмейді. Шындығында інімді 2-қабаттағы дәретханадан алып шыққан. Бейнежазбада бәрі көрініп тұр. Қазір дәретханаға дереу жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Ал біздің қолымыздағы видео, фотолар айғақ ретінде іске саналмайды деп отыр», - деді Наурызбай. 

Бейбіт күні әскерге барып, денсаулығынан айырылған Ербаянның жақындары әскерилерден бастап дәрігерлерге дейін кінәлі адамдардың жазаланғанын талап етіп отыр. Бүгін олар Алматыда журналистерге арнап тағы да жиын өткізеді.