Қоғам

Су тасқыны кезінде өлген малдың еті базарда сатылып жатыр: ауыл шаруашылығы министрі жауап берді

Бердалин тасқын кезінде суға кеткен 13 мыңдай малдың шығыны толық өтелгенін айтты

Тасқын кезінде арам қатқан малдың еті базарда тартылған ет түрінде сатылып жатыр деген ақпаратты ауыл шаруашылығы министрлігі жоққа шығарды. «Бұл деректі тексердік, өлексенің еті базарда сатылғаны дәлелденген жоқ» дейді вице-министр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Аманғали Бердалин биылғы тасқын азық-түлік қорын жасауға еш кесірін тигізбейтіне де сенімді. Айтуынша, күзде еттен де, наннан да тапшылық көрмейміз. Себебі қамбада әлі былтырғы бидай қоры бар. Ал, биыл жоспардағы 21 млн гектар алқаптың 14 млн гектарына егін салынып болған.

«Қолында техникасы жоқ шағын шаруалар ғана жылдағы әдетпен ірі қожалықтардың көмегін күтіп отыр. Ал су басқан аймақтарда егін сала алмай отырған шаруалар жоқ», - деді вице-министр.

Тасқын кезінде суға кеткен 13 мыңдай малдың шығыны толық өтелген. Қазір қалған 237 бас төрт түліктің есебі шығарылып жатыр. Осыншама малдың қырылуы елде ет бағасының өсуіне еш әсер етпейді деді Бердалин.

«Қазақстанда 9 млн жуық ірі қарамыз бар, 27 млн жуық қойымыз бар, 4 млн жуық жылқымыз бар. Басқасын есептемегенде, ол 12 мың соның бір пайызы да болмайды, сондықтан еш әсері болмайды», - дейді Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі.