Тоқаев: қасіретті оқиғалардан тағылым ала білуіміз керек
- автор Анар
- 31 мамыр, 2024
- 344
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады. Ол қасіретті оқиғалардан тағылым алып және оны ұлт жадында сақтай білу керектігін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
«Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз, – деп жазды Президент.
Айта кетсек, бүгін 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.