«Алжыған ғой деймін»: Аттың құлағында ойнайтын 84 жастағы әже құпиясымен бөлісті
Аттың құлағында ойнайтын 84 жастағы әже әлі күнге дейін құрақ құрап, ою салатынын айтты
Дәл қазір әлеуметтік желіде аттың үстінде еркін шапқан 84 жастағы әженің әрекеті қызу талқыланып жатыр. Көпшіліктің назарына іліккен кейуана Алматы облысы Ұзынағаш ауылының іргесінде тұрады екен. Егде жасқа келсе де шапшаң қимылдайтын қария алғаш рет құпиясын ашық айтты. Бұл туралы KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Tiktok-та трендтен түспей тұрған әженің аты-жөні – Худий Ханахайқызы. 15 құрсақ көтерген ананың 40 немересі мен 60 шөбересі бар екен. Оның аттың үстінде еркін шапқан видеосы аз уақытта бір миллионға жуық қаралым жинаған. Қартайған шақта жылқының жалынан ұстаған қарияның қандай құпиясы бар?
" Жас күнімде талай атқа мінгенмін. Бала кезден атқа құмармын. Осы күнге дейін жасыма қарамай атқа мініп жүргенім сол. Қымыз ішемін, шұбат ішемін, жылқының етін жеймін, қойдың сорпасын ішемін. Денсаулығым да мықты. Қазір бір балам қойшы ауылда қой бағады. Соған барамын, сол кезде атқа мініп, қой қайырып келемін»,- дейді әже.
Айтуынша, атқа деген құмарлық әкесінен дарыған. Алпыс жасына дейін қыз қуу секілді ұлттық ойындарға қатысып келген.
«Негізі жас күнімнен атқа мініп өстім. Бала кезден атқа құмармын, атпен шапқан кісімін. Сол кезден бастап әлі күнге дейін жасыма қарамай атқа мініп жүремін. Қыз күнімде қыз қуу ойынына қатысып, көкпарға да ілесіп жүретінмін. 60 жасқа келгенше қыз қууға қатыстым. Ұл-қыздарым қасымда. Жылқыға деген құмарлық әкемнен дарыған қабілет деп білемін. Қазір немерелерім көкпар тартып жүр», – дейді 84 жастағы Худий Ханаханқызы.
Әлеуметтік желіге жылқы мінген әженің видеосын немересі жүктеген. Алғашқыда таңырқай қараған жұрт кейуананың бұл әрекетіне тамсанса, кейбір адамдар егде жастағы қарияға түрлі жағымсыз пікірлер жазған.
«Таралып кетеді деп мүлдем ойламадым. Тиктокта бұрын 150 ғана адам жазылған болатын. Бұл видео түсірілген күні мен бара алмай қалғанмын. Бірақ әпкем түсіріп әулеттің чатына жіберген. Сол жерден алып видеоны мен әлеуметтік желіге салдым. Содан кешке дейін қаралым көбейіп кетті. Қазір қаралым миллонға жуықтап тұр», - дейді немересі.
Алайда, желіде кейбіреулері «Апасын хайп үшін түсірген» деп жазғандар да бар екен.
"Менің танымал болып кетейін деген ойым мүлдем болған жоқ. Көңілге тиген ең жағымсыз пікір: "Бұл қақпас алжыған ғой деймін. Осы жаста неге атқа мініп жүр? Үйінде отырмай ма..." деп бір кісі жазыпты. Менің жүрегіме сол сөз қатты тиді", – дейді әженің Гүлжан есімді немересі.
84 жастағы кейуананың халыққа беймәлім қыры көп. Мәселен, кезінде ол қыз қуу, көкпар ойынынан бөлек, мықты сауыншы, он саусағынан бал тамған шебер, әнші әрі айтысқа қатысқан өнерпаз болғанын айтты.
«Бұрын әнші болдым. Ылғи ән салып жүретінмін. Қазір де ән айтамын. Үйде бос қалсам, құрақ құраймын. Ою оямын. Өмір бойы мал шарушылығында жүрдім. 15 құрсақ көтергенмін, қазір оның 12-сі бар», - дейді әже.