«39 градусқа дейін аптап ыстық»: Синоптиктер маусым айына ауа-райы болжамын жасады
Маусым айында күн ыстық болып, кейбір күндері жаңбыр жауып, найзағай ойнайды
«Қазгидромет» мамандары маусым айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы норма шамасында болатынын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жаздың алғашқы айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында күтіледі. Болжам бойынша, Атырау, Маңғыстау облысында, Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Қызылорда облысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында нормадан аз болады. Кейбір күндері қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел күтіледі делінген хабарламада.
Маусымның бірінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарында Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан және Орта Азиядан жылы ауа массаларының шығуымен ауа температурасының жоғарылауы күтілуде:
Еліміздің солтүстігінде, орталығында түнде +2+10°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +13+20°С-тан +22+30°С-қа дейін;
Шығыста түнде +2+7°С-тан +13+18°С-қа дейін, күндіз +13+18°С-тан +23+30°С-қа дейін;
Оңтүстік-шығыста түнде +7+12°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +22+30°С-тан +25+37°С-қа дейін.
Батыс және оңтүстік аймақтарда температураның негізгі фоны болжанады:
Елдің батысында, солтүстік-батысында (Ақтөбе облысы) түнде +15+25°С, күндіз +25+38°С;
Оңтүстік-батыста түнде +20+28°С, күндіз +30+39°С;
Оңтүстік өңірлерде түнде +12+17°С, күндіз +27+38°С;
Бірінші онкүндіктің соңында елдің басым бөлігінде аптап ыстықтың бәсендеуі күтіледі. Маусымның екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасының солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күндіз +20+25°С-тан +30+38°С-қа дейін, ал батыс, оңтүстік өңірлерде 25+30°С-тан 34+39°С-қа дейін ауытқуы болжануда.