Маңғыстаулық жігіт полиция мен халықтан отбасы мүшелерін аяусыз сабайтын әкесінен құтқаруды сұрады (ВИДЕО)
Жігіт: 50 ден асса да жаман әдетін қоймайтын әкенің барынан жоғы жақсы.
Маңғыстаулық жігіт отбасындағы жағдайды айтып Инстаграм желісіне видео жүктеді. Сөзінше өзі Алматыда жұмыс істейді. Ал елуден асқан әкесі араққа масайып, анасы мен жігіттің інісін түні бойы ұйықтатпай соққының астына алады екен, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Жігіт өзі де кішкентай күнінде әкесінен талай таяқ жегенін айтып отыр.
«Маңғыстау облысы Мұнайлы аудан полициясына келдік. Полицияның айтуынша жәбірленушінің алған жарақатына қарай күдікті жазаланады. Қазір әкемді ұстап, қайта жібере салады. Ол шыққаннан кейін одан сайын өшігіп, інім мен анамды өлімші етіп сабайды. Өзім Алматыға жұмысыма кетер болса бұлардың күні не болмақ?
Әкем мені де бала күнімде үнемі сабайтын, қолына түскен оқтаумен ұратын. Анам екеуімізді кезекпен сабайтын. Енді інім мен анама тыныштық жоқ. Не себепті отбасылық зұлымдық жасаушыларды қатаң жазаламайды? Міндетті түрде біреу алған таяқтан қайтыс болуы керек пе?»,-деп ашынды жігіт.