Түркістан облысында еңбектеп жүрген 10 айлық сәби үйден шығып кеткен
1 жасқа толмаған сәбидің көше бойында жалғыз кетіп бара жатқанын жергілікті тұрғын байқаған
Түркістан облысында еңбектеп жүрген 10 айлық сәби үйінен көшеге шығып кеткен. Үй шаруасымен айналысып жүрген анасы оны байқамай қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Таңғы сағат 9:00 шамасында көше бойында еңбектеген сәбиді көрген ер адам Бәйдібек аудандық полиция бөліміне хабарласқан. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары кішкентай баланың жағдайын білген соң ата-анасын іздестіреді. Бір сағат болмай туыстары табылып, сәби анасына табысталған.
"Тәртіп сақшылары аудан көшелерін тексеріп, көрген-білгендерден сұрастырды. Нәтижесінде полицейлер бір сағат ішінде кішкентай бөбектің тұрғылықты мекені мен анасын анықтады. Анасы үй шаруасымен жүргенде, 10 айлық бүлдіршін ашық тұрған есіктен еңбектеп шығып, үйінен ұзап кеткені анықталды", - деп жазылған хабарламада.