Қоғам

Түркістан облысында көшеден еңбектеп жүрген 10 айлық сәби табылды (ВИДЕО)

Анасы үй шаруасымен жүргенде, 10 айлық бүлдіршін ашық тұрған есіктен еңбектеп шығып, үйінен ұзап кеткені анықталды.

Түркістан облысында көшеде еңбектеп жүрген 10 айлық сәби табылды,  деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі өңірдің Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таңғы сағат 9:00 шамасында Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, көше бойында 1 жасқа толмаған сәби бір өзі еңбектеп жүргенін хабарлады.

Оқиға орнына бірден жеткен полицейлер бірінші кезекте кішкентай баланың жағдайын біліп, одан әрі сәбидің туыстарын іздеуге кіріскен.

"Тәртіп сақшылары аудан көшелерін тексеріп, көрген-білгендерден сұрастырды. Нәтижесінде полицейлер бір сағат ішінде кішкентай бөбектің тұрғылықты мекенжайы мен анасын анықтады. Анасы үй шаруасымен жүргенде, 10 айлық бүлдіршін ашық тұрған есіктен еңбектеп шығып, үйінен ұзап кеткені анықталды", - деп жазылған хабарламада.