“Жаңа адамдарды тарту үшін”: Қазақ тілін білу міндетті емес деген банк төрағасы пікір білдірді
Forte банк басқарма төрағасы ол хабарландыруды АйТи мамандары дайындағанын және солар қазақ тілі керек емес деп жазып жібергенін айтады.
"Қазақ тілі міндетті емес" деп жарнама таратқан Forte банк басқарма төрағасы Бекжан Пірматов қазақ тіліне қатысты дауға жауап берді, деп хабарлайды "KYN.KZ" ақпарат агенттігі Ulusmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өткен айда Қазақстандағы банк әлеуметтік желіде жарнама таратып басы дауға қалған. Себебі қызметкерлерді шақыру мақсатында жасалған жарнамада қазақ тілін білудің маңызы жоқ екені көрсетілген. Желі қолданушылары тақырыпты қызу талқылап, көптің ашуын тудырған. Бүгінде банк басшысы басқарма тарапынан кеткен қателікті мойындады.
“Біздің тарапымыздан сондай қателік кетті. Оны мойындаймыз. 4000-нан астам адам жұмыс істейді дедім, жылына орта есеппен 800-900 адам ауысып отырады. Сол орынға жаңа адамдарды тарту үшін, түрлі платформаларға жарнама береміз. Қызметкер бірден табыла бермейді. Жарнамамызды екі не үш рет қайталап саламыз. Мысалы, соңғы жылда 1600 рет жарияланды. Осындай кезде қателік кетті,”- деді Пірматов.
Forte банк төрағасы жарнамалық хабарландырудың роботизация күшімен дайындалатынын айтып, ақталды.
“Біз 1600 хабарландыруды адам күшімен емес, роботизация көмегімен жасаймыз деп шешкенбіз. Ал оған керек мәліметтерді қызметкерлер дайындайды. Хабарландыру беруді АйТи мамандары дайындап салған. АйТи деген бағдарламалаушылар ғой. Олар қазақ тілі керек емес деп жазып жіберген. Ал роботизация қандай мәлімет бар, сонымен вакансиялар платформасына салған. Яғни, адами фактор екенін мойындаймыз. Өзіміздің ішкі процестерімізге өзгеріс енгіздік. Қатемізді түзеттік,”- деп жауап берді Бекжан Пірматов.