Шымкентте сот орындаушысы 500 мың теңгеден астам соманы өз шотына аударып алған
Бұл сома борышкердің айлық жалақысынан ай сайын өндіріліп, жеке сот орындаушының есеп шотына аударылып отырған.
Шымкентте жеке сот орындаушы берешекті өтеуге арналған 556 953 теңгені өз шотына аударып алған, деп хабарлайды Қалалық прокуратураға сілтеме жасап KYN.KZ тілшісі.
Сот шешімімен борышкер талапкерге 1 млн 275 мың теңге төлеуге міндетті болған. Бұл сома борышкердің айлық жалақысынан ай сайын өндіріліп, жеке сот орындаушының есеп шотына аударылған. Сондай-ақ өз қажеттілігіне жұмсалған.
Аталған факті бойынша жеке сот орындаушының үстінен Қылмыстық кодекстің 251-бабы 1-бөлігімен (Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы) іс қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылған.
Жосықсыз жеке сот орындаушысы республикалық жеке сот орындаушылар палатасының мүшелігінен шығарылды, - деді қалалық прокуратура.