"Үйленгенде тіпті ыдыс-аяқ келмеді артынан": әйелін сабады деп айыпталған дипломат өз шындығын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 маусым, 2024
- 62.7k
Әйеліне зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған дипломат Сәкен Мамаш өз шындығын айтты, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Жары Карина Мамаштың қолына айфон, өзі самсунг ұстап жүргенін айтқан дипломат келіншегінің жағдайын жасау былай тұрсын қайын жұртына да қарасып тұрғанын айтады. Тіпті, қайын әпкесінің оқу ақысын да төлеп беріпті.
"Зайыбым Карина мені экономикалық зорлық жасады деп айыптады, соған орай бірқатар мән-жайлардың басын ашайын. Екеуміз отбасы құрғалы не жеймін, не ішемін демеді, қалаған киімін алып беріп жүремін, шынын айтқанда менен де жақсы өмір сүрді. Отбасымда сен, мен, сенікі, менікі демедім, отбасым, жан жарым, біз, біздікі деп жүрдім. Себебі біз бірміз. Карина ұзатылғанда Қаржан ауылындағы бір-екі жеңгем "әй, қыздың жасауы, киімі деген болушы еді, ең болмаса ыдыс-аяқ келмеді артынан" дегенде, "мен мал мүлік емес, жан жарымды алып жатырмын, бұндай әңгімені қойыңыздар" деп, тоқтау салған едім",-дейді ол.
Жұбайының қолында жаңа Айфон, өзінде самсунг екенін айтқан ол Әбу-Дабиде жүргенде Каринада өзінің кредит картасы болды дейді.
"Қажетін сатып алып жүретін. Тырнақ істететін және әйелдер баратын басқа да салондарға барып жүрді. Үйдің әр бөлмесінде косметиканың түр түрі үйіліп жататын, макияж, визаж дегендерді ұнатады, өз бетіне әртүрлі сурет салып жүретін. Музыкамен әуестеніп, оларды жүздеген долларға бірнеше рет сатып алып, өлең жазып, ән шығарды, дауыс жазу мен аранжировка да арзан емес. Астанада жүргенде ақылы актерлық курстарға барып, өзін актриса сезініп жүретін. Ағылшын тілінің және авто жүргізу курстарына барды. Аш қалған емес, күні бойы кухня мен холодильник өз қолында, одан қалса аптасына кемінде 2-3 рет қалаға шығып, ресторандарда бірге тамақ ішеміз. Өзі 50 килодан асып кетсе, семіріп кеттім деп, диетаға отыратын. Дубайға қыдыру, шопинг, пляж, аквапарк, океанариум, технопарктер, зоопарк, сафари парк, мейрам немесе демалыс күндері қонақүйлерге бару, ресторандардан, отбасымнан ақшаны аямадым. Үйде төрт адам болсақ, жұбайымның киім-кешегі қалған үшеуіміз - мен, ұлым, қызымдікін қосқандағыдан екі есе көп шығар. Осы жолы елге көшіп келерде киім кешек, ойыншықтар, техника т.б. бәрі 15 қораппен келдік, соның 8-9 қорабы Каринаның киім-кешегі. Зайыбымның өзі айтып жүргендей, Еуропада айлық жоғары, кең жүрдік, Астанада қаражат мол емес, көрпемізге қарай көсілдік. Әбу-Дабиде күн ыстық, жүрек қысылады, көшеде Еуропадағыдай ашық-шашық жүре алмайсың, айыппұл салады. Бәлкім бұл мән-жайлар да жұбайымның жанына батқан болар”, – дейді Мамаш.
Сәкен Мамаш өзінің де, әйелінің де әкесіз өскенін алға тартты.
"Жұбайым Каринамен сүйіп қосылдым. Анасы Жанарға рахмет, бізді қолдап, қызын өз қолымен ұзатты. Карина екеуміз де әкесіз жетім өскенбіз, екі жарты бір бүтін болдық. Отбасы құра салысымен Карина құрсақ көтергенде, Құдай бізге жақ, бірден нәресте берді, қолдағаны ғой деп қатты қуандым. Араға екі жыл салып, ұлдың ізін ала қызымыз дүниеге келді, өзімізді бақытты жанұя сезіндік. Отбасы мен үшін қай кезде болмасын бірінші орында болды. Жанұямды Алланың аманаты деп қабылдап, олардың бүгіні мен ертеңіне барлық жауапкершілікті толық сезінемін. Ұлым мен қызым менің өмірімнің мәні, жалғасы, шежірем емес пе? Оларды қазақи тәрбиемен, иманға жақын, адал, білімді, мейірімді етіп тәрбиелеуді армандадым”, – деп түсіндірді ол.
Ұқсас жаңалықтар
Жүргізуші куәлігін алу қиындай түсті: өзгерістер енгізілді
- авторТомирис Тоныкөк
- 11 қазан, 2024