«Ескі Қазақстанның ескірмейтін жыры»: Депутат ШҚО-ны басқарған Даниал Ахметовке қатысы бар былықты жайды
- автор Анар
- 5 маусым, 2024
- 720
Депутат Абзал Құспан ШҚО-ны басқарған Даниал Ахметовке қатысты арыздар көп түсетінін айтты. Ол сол құжаттарға сүйене отырып, оны тиісті органдарға жолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, оған арыз-шағымдар жиі келіп түседі. Соның ішінде Даниал Ахметов ШҚО-да әкім боп тұрған кезде Өскемен және Семей қаласы көшелерін жарықтандыруға бюджеттен қаражат бөлінген. Соның есебіне қатысты шағым түскен.
«Депутат ретінде Батыс Қазақстан облысынан сайлансам да, заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі ретінде маған Республиканың барлық өңірінен дерлік заң, тәртіп сақталуы мәселесінде арыз-шағымдар жиі түседі. Соларды тексеру нәтижесінде, құқық қорғау органдары арқылы бір емес, бірнеше қылмыстық істі тіркетуге (қозғатуға) мұрындық болдым.
Олардың барлығын бірдей жазып не әлеуметтік желіде бөлісіп отыру мүмкін емес. Бірақ, бір нәрсе анық. Бір кездері жалғанды жалпағынан басып, Елбасының сенімді адамы атанғандардың жыры әлі талай жылға азық болатын түрі бар.
Соның бірі, жоқ бірегейі – Даниял Ахметовке қатысты арыздар легі тоқтар емес. Сол көп шағым ішінен біреуіне ғана тоқталайын, ДА әкім боп тұрған кезде Өскемен және Семей қаласы көшелерін жарықтандыруға деп ЕБРР (Европа қайта құру және даму банкі) арқылы 3, 6 млрд, оған қосымша бюджет тарапынан 1, 2 млрд, барлығы 4, 8 млрд бөлінген екен. Бұл жобаны ДА тарапынан жеке лобби жасалғанына дәлел ретінде, оның әкім боп тұрғанда ЕБРР-дың Лондондағы офисіне келіссөз жүргізуге өзі барғанын айтады шағым иелері», - дейді депутат.
Алайда, сол миллиардтаған қаражатқа қойдырған шамдардың басым бөлігі жанып кеткен. Есесіне, қала көшелірі жарықсыз қалыпты.
«Бірақ мәселе онда да емес, мәселе сол миллиардтаған қаражатқа қойдырған шамдардың басым бөлігінің жанып кеткендігінде және кепіл уақыты ішінде ауыстырылмауында. Нәтижесінде, Өскемен мен Семейде көше жарығы жоқ, алайда ол жағдай екі облыстың бюджетін ЕБРР алдындағы қарыз міндеттемелерінен босатпайды. Менің қолыма түскен құжатарға сәйкес, осы күмәнді келісімге қатысқан екі компания белгілі, олар: 1. ШҚО әкімдігі ашқан «Региональный центр ГЧП ВКО» АҚ, 2. Тайваньда тіркелген «Everlight Electronics Co. LTD».
Яғни, ұршықта айналған жіпті шетінен тарқататыны сияқты, тексеруді әкімдік жанынан құрылған мекемеден бастаса біраз дүниенің басы ашылары анық. Осыған байланысты, Шығыс Қазақстандық ағайындардан түскен арыз бен өзім тарапынан қосымша сұратып алынған құжаттарды, тиісті құқық қорғау органдарына өз талдауыммен қоса жолдайтын боламын», - дейді Абзал Құспан.