Павлодарда жетім жігітті үй кезегінен алып тастаған
Жетімдер үйінен шыққан жігітті басқа қалаға жұмысқа кеткені үшін үй кезегіенен шығарып қойған
Павлодарлық шенеуніктер жетімдер үйінде тәрбиеленіп шыққан азаматты үй кезегінен алып тастаған. Ол кәмелет жасына толған соң Екібастұзға барып жұмыс істеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпара агенттігі.
Сол жақта уақытша тіркелген. Бірақ тұрақты тұрғылықты жері болмаған. Алайда Павлодар қалалық тұрғын үй комиссиясы талап қоюшыны басқа жаққа кетуіне байланысты үй кезегінен шығару туралы шешім қабылдаған.
Белгілі болғандай, ол Павлодар қаласында 2009-2016 жылдар аралығында жетім балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленген. Сол уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке қойылған.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастау фактісі бойынша сот ісі қаралды.
"Сот шешімімен талап қоюшының тұрғын үй құқығы қалпына келтірілді. Себебі жұмыс орны бойынша уақытша тіркеуге тұру азаматтың тұрақты тұрғылықты жері болып табылмайды. Сот тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар есептен шығарылып тасталуға жатпайтындықтан "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 73-бабы 1-тармағының нормаларын қолдануды орынды және әділ деп санады", – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен.