Ақтөбе облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты: ІІМ жүргізушілерге үн қатты (ВИДЕО)
Жүргізушілер жол ережесін сақтамайтыны айтылды
Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам қаза тапты. 5 маусымда сағат 15:00 шамасында Ақтөбе-Орск тасжолында, Қарғалы ауданы Ащылысай аулының маңында Toyota Alphard көлігі аударылып қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Осы оқиғаға байланысты ІІМ жүргізушілерге үн қағып, жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамайтындығын жеткізді.
"Құрметті азаматтар! Сіздерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақырамын! Полиция жол апаттарын болдырмау, жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізеді. Осы мақсатта күн сайын тасжолдарда шамамен 1,5 мың патрульдік полицей қызмет етеді. Экипаждар 50 шақырым сайын орналастырылған. Жүргізушілер көбіне жылдамдық режимін сақтамайды. Қарсы жолға шығып кетіп жатады. Мысалы, 5 маусымда Ақтөбе облысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, аударылып кетті. Апатқа дейін оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтау туралы ескерткен болатын. Оқиға салдарынан адам қаза тапты. Жүргізушілерді тағы да жолда сақ болуға шақырамын!" – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаев.