Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Талдықорғанда полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды

Талдықорғанда полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды
Polisia.kz
Саяжай қоғамдастығында демалыста жүрген полицей көмек сұрап айқайлаған балалардың дауысын естіп қалған.

Талдықорған қаласында полиция қызметкері суға батып бара жатқан баланы аман алып қалды, – деп хабарлайды KYN.KZ  тілшісі  Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Патрульдік полицияның рота инспекторы Санат Серікқалиұлы ерлік көрсетіп, Қаратал өзеніне батып бара жатқан баланы аман-есен құтқарып алды. 

6 маусымда сағат 15.43 шамасында Санат Серікқалиұлы “Қызыл тас” саяжай қоғамдастығында демалыста жүргенде, көмек сұрап айқайлаған балалардың дауысын естіген. Балалар өзенге қарай нұсқаған, инспектор ойланбастан көмекке ұмтылған. Өзенге жүгіріп барып, бір баланың суға батып бара жатқанын көрген. Судан құтқарылған 11 жастағы жасөспірім демала алмай, көгеріп жатқан. 

Осы тұста тәртіп сақшысы жылдам әрі батыл әрекет етті. Ол баланы судан шығарып алып, бірден алғашқы медициналық көмек көрсете бастады. Тікелей жүрек массажы мен жасанды тыныс беру арқылы инспектор баланың демалысын қалпына келтірді. Осыдан кейін ол дереу жедел жәрдем шақырған. 

Бала ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер полиция қызметкерінің дер кезінде, уақытылы көрсеткен кәсіби әрекеті баланың өмірін сақтап қалғанын растады. 

Санат Серікқалиұлы өзінің бұл әрекетін таңғаларлықтай батырлық емес екенін, кез келген адамның жасайтын әрекеті ретінде көретінін айтты. 

– Мен өз міндетімді атқардым. Адамдарды қорғау мен көмекке келу менің басты парызым, – деді ол. 

Бұл оқиға барлығына төтенше жағдайда шешуші болатын алғашқы медициналық көмек пен құтқару дағдыларының маңыздылығын еске салды. 

Құрметті ата-аналар! Жаз мезгілі мен шомылу маусымының басталуымен балалардың арасында болатын жазатайым оқиғалардың қаупі артады. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды аспектілерінің бірі – балаларды, әсіресе су айдындарының жанында үнемі қадағалау. Балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі еске түсіріп, олардың іс-әрекеттерін бақылаңыз. Сіздің қырағылығыңыз – балаларыңыз үшін қауіпсіз және қуанышты жазғы демалыстың кепілі.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар