Құрбандық шалудың негізгі шарттарын біле жүріңіз
Құрбан айтта қазақстандықтарға қосымша демалыс берілмейді.
Биыл Құрбан айтты мұсылман жамағаты 16 маусымнан бастап тойлайды. Айттың алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, қазақстандықтарға қосымша демалыс берілмейді. Sputnik Қазақстан осы діни мейрамның негізгі шарттарын ұсынады.
Құрбан айттың күнін қалай белгілейді
Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.
"Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-ында айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал құрбан айт 16 маусымға сай келеді", - дейді мүфтият қызметкерлері.
Зул-хижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.
Құрбан айт тарихы
Құрбан – араб тілінде "жақындау" деген мағынаны білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Мейрам күндері мұсылмандар Алланың разылығы үшін құрбан шалады.
Құран Кәрімде: "Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал" – деп жазылған.
Ислам дініндегі басты мерекенің тарихы ерте заманнан бастау алады.
Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға сынақ ретінде өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, әмірді орындамақшы болады. Сол кезде Алла Тағала сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына риза болып, өз құзырынан құрбандық орнына қошқар түсірген. Содан бері Алланың разылығы үшін құрбандық шалу дәстүрі жалғасып келеді.
Құрбан шалу арқылы пенде Алланың әміріне бойұсынуды, әр істе сабырлық сақтауды үйренеді.
Құрбандық шалу - уәжіп
Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай, азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп.
Бұл жерде бай деп Құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.
Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.
Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек, әйелінің де табысы күнкөрістен тыс, артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуға тиіс.
Құрбандыққа шалынатын мал
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет.
Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек.
Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, өздігінен мал соятын жерге бара алмайтын, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінің көбі кесілген мал құрбандыққа жарамайды. Алайда мүйізі жоқ, құлағы жарылған, тесілген, піштірілген малды құрбандыққа шалуға болады.
Құрбандыққа жылқы шалуға болмайды.
Құрбандықты бірігіп шалу шарттары
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбандыққа шалады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуына болады.
Құрбандықты бірігіп шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға болмайды.