Қоғам

Арқасына шылымның шоғын басқан: қайтыс болған сарбаздың анасы баласын қасақана өлтіргенін айтты

Әскерде көз жұмған сарбаздың бас сүйегі сынған және денесінен 26 жарақат іздері табылған.

Екі жыл бұрын қайтыс болған сарбаз Алмас Шахимовтың анасы баласын әскерде қасақана өлтіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Марқұмның туыстары 2023 жылы эксгумацияға тексеруге берген. Экспертиза нәтижесінде Алмас Шахимовтың денесінен 26 жарақат белгісі және оң жақ бөлігінде пышақ іздері бары анықталған.

“Біз басында эксгумацияға қарсы болдық. Ол кезде дәлелдер бар еді. Бірақ әскерлер оның барлығын жойып жіберді. Денесінен үш пышақ жарақаты және буындырған іздері бары анықталды. Арқасына шылымның шоғы басылған, бүйрегін езіп жіберген”, - дейді сарбаздың анасы. 

Сондай-ақ, сарбаздың атынан офицер несие рәсімдеген. Алмастың туыстары екі жыл бойы әділдікке жете алмай жүр. Анасының сөзінше, әскерилер оған материалдық көмек көрсетіп, қыздарын оқуға түсіруге уәде де берген екен.