“Әурет жерлерін көрсете салу…”: Алтынай Жорабаеваның келіні хиджаб кимейтін қыздар жәннатқа кірмейтінін айтты
Блогер қыздарға хиджаб киюді насихаттамайтынын және орамал жамылу арабтану емес екенін айтты.
Әнші Талғат Жорабаевтың әйелі әлеуметтік желіде хиджаб киіп, артынан оны шешіп тастайтын қыз-келіншектерді сынады. Олардың әрекетін құп көрмейтінін жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында жазды.
“Алланың қалауымен хиджаб кигеніме 9 жыл болыпты. Толық дайын болып келдім деп ойлаймын. Өйткені тұрмысқа шыққанда күйеуіме «болашақта орамал тағамын» деп айттым. Орану ойыншық емес, әрі оны өзге жанға тықпалау дұрыс емес. Мен қанша жыл орамалда болсам да, өзгелерге «киіңдер, бүйтіңдер» деп айтқан емеспін. Өйткені мен бәлен жыл діни білім алған ұстаз емеспін. Орамалды әр әйел өз қалауымен, Алла разылығы үшін тағу керек. Өзгенің разылығы үшін тақсаң, бір күні ол тәжіңнен айырылып қалуың мүмкін. Ешкімді сынауға құқым жоқ, алда өзімді не күтіп тұрғаны бір Аллаға белгілі”, - дейді Аяулым Жорабаева.
Блогер қыздарға хиджаб киюді насихаттамайтынын және орамал жамылу арабтану емес екенін айтты.
“Хиджаб –хи (ки), джаб (жап), ғни жабыну, орану деген сөз. Хиджабты тек арабтар ғана емес, барлық әлем мұсылман әйелдері киеді. Арабтану деген сөз сондықтан қате. Мен «киіңдер» деп жатқан жоқпын. Бұл тема қайдан шықты?.. Оранып, сосын оны шешкен соң қайта әурет жерлерін түк болмағандай көрете салу... соларды көріп жүрегің ауырады екен. Олай ешкімді сынамасын, өте қорқынышты. Орамалды көтеріп жүру оңай емес, өйткені жауапкершілігі көп. Орамалдылар да пенде, оларда да эмоция бар, олар да қателеседі. Періште көкте ғана, жерде періште жоқ», - дейді ол.
Сонымен қатар, өзінің алғаш хиджаб киген күнін еске түсірді.
«Күйеуім жұма намазынан келіп, «Жаным, орамалыңды таға берші, бүгін бір ауыр уағыз тыңдадым» деді. «Әйел адам намаз оқып жүріп, орану керегін біле тұра оранбаса, онда жәннаттың өзі түгілі, иісін де аңсамасын» депті. Осы сөз жүрегіме инедей қадалды. Сол мезетте орамалымды тағып шықтым», - дейді Аяулым Жорабаева.