Мәдениет

«Менің кеткеніме қуанатын да шығар»: Наркенже Серікбаева өзі істеген Түркістан облыстық филармониясындағы былықты айтты

Дәстүрлі әнші жұмыстан өз еркімен кеткен

Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясындағы жұмысынан кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Өнер иесі мекеменің жай-күйіне алаудаушылық танытып, ондағы қызметкерлерге жағдай жасалмағанын айтты.

«Мен өнерге бір күнде немесе бір күнге келген жоқпын. Қаршадайымнан қара домбырамды арқалап өмірдің талай соқпағынан өттім. Қанатымның қатаюуына ықпалын тигізген Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы екені көпке белгілі. Бұл мекеме мен үшін қара шаңырақ. Бүгінде сол қара шаңырақ қараусыз қалғандай… Вальс падишасының атындағы сарайдың қазір жай-күйіне жайбарақат қарай алмаймын. Жалақыға жан бағып жүрген өнерпаздар сахнаға шығу үшін киімді неге жалға алуы керек? Аты дардай мекеме сахналық костюмге неге жарымайды? Басшылықтың, басқарманың өнерге жаны ашымай ма?», - деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Сондай-ақ, әнші егер өзін журналистер сұхбатқа шақырып жатса, бар шындықты жайып салуға дайын екенін жеткізді.

«Сұрағым көп. Айтарым да көп… Журналисттер қауымы сұхбатқа шақырып жатса біраз шындықты айтуға дайынмын. Мен бүгін филармониядан жұмыстан өз еркіммен кеттім. Біреулер менің кеткеніме қуанатын да шығар. Бірақ мен көріп тұрып көрмегендей, біліп тұрып білмегендей бола алмаймын. Жалпы Түркістан облысының мәдениеті, руханияты өте төмен деңгейде. Идеология жоқтың қасы. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ!»,-деп жазды әнші.