Саясат

Бектенов: Бірнеше су басқан өңірдің әкімдіктері дұрыс жұмыс істемей жатыр (ВИДЕО)

Олжас Бектенов СҚО-ның оң тәжірибесін атап өтіп, батыс өңірлердің әкімдіктеріне тұрғын үйді қалпына келтіру қарқынын арттыруды тапсырды.

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын жақсы деп бағалады, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Алайда, оның айтуынша, басқа өңірлерде құрылыс әлі қарқын алмаған.

"Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі", -деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалатынын атап өтті.

"Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Сондай-ақ көптеген өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықты алып тастап, кәдеге жарату қажет", — деп түйіндеді Олжас Бектенов.