Қоғам

«Сен екінші Салтанат боласың»: Ақтөбе тұрғыны бір ай бойы медбикенің ізін аңдып жүр (ВИДЕО)

Жігіт қыздың телефонына бірнеше рет хабарласып, тіпті есік алдына дейін іздеп келген

Ақтөбе тұрғыны бір ай бойы медбикенің ізінен қалмай аңдып келген. Тіпті ол бойжеткеннің жұмысына келіп, шу шығарған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Диапазон» сайтына сілтеме жасап.

Бұл оқиға Ақтөбенің «Болашақ» ауданындағы Отбасылық медицина орталығында орын алған. 22 мамыр күні жігіт емхананың бөлмесінің есігін сындырып, Бишімбаевтың Салтанатқа жасағанындай істейтінін айтқан. Қызметкерлердің есін шығарып, өзі қашып кеткен.

«Біз кабинетте үшеуміз жұмыс істейміз. Сағат 10 шамасында қолында сирень гүлі бар бір жігіт кіріп келді. Біз оны науқас деп ойладық, сөйтсек мені бір ай бойы аңдып жүрген жігіт екен. Осы уақытқа дейін ол маған хабарласып, қорқытқан болатын. Соңғы рет біз қыздармен оны футбол алаңында көрген едік. Ол сәуір айы болатын. Содан бастап ол жігіт менің соңымнан қалмады. Бір күні есігімнің алдына келіп тұрғанын және мені күтетінін айтты. Инстаграм парақшама дейін жазатын. Мен оған жігітімнің барын айтып, полицияға арыз жаздым. Енді сол жігіт менің жұмысыма келіп, айғай шығарды. Кездесіп жүрген жігітім түрмеде отырғанын және ол да маған Бишімбаев секілді жасайтынын, мен де екінші Салтанат болатынымды айтты», - дейді 22 жастағы Амангүл.

Сол уақытта қыздың қасында болған Айжан Кеңесова ол жігітті еріктілер тобынан деп ойлаған. Оны зардап шеккендер жаққа жіберіпті. Алайда, ол медбике қызды аңдып жүрген. Медицина қызметкерлері өз өмірлері .үшін қорқатындарын жеткізді.