Қаңтар қырғыны:президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасағандарға үкім шығарылды
Сотта қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 11 адамның ісі қаралды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 11 адамға үкім шығарды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Оларға жаппай тәртіпсіздік пен шабуылдарға қатысып, күзетілетін объектілерді басып алу, сондай-ақ билік өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылық қолданған деген айып тағылды.
Анықталғандай, 2022 жылдың 4-5 қаңтарында сотталушылар жаппай тәртіпсіздікке қатысып, қорғалатын объектілерге – Алматы қаласының әкімдігіне, президент резиденциясына, полиция басқармасына заңсыз кірген. Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан, мүлік пен ғимараттарға зақым келді.
"Тәртіпсіздік барысында үш сотталушы әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсетті. Ал, сотталушылардың біреуі екі әскери курсантты тұтқынға алып, жеңіл дене жарақаттарын келтірген", - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотталушылар кінәсін жартылай мойындады. Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін жағдайларды ескерді: сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын, денсаулық жағдайларын, отбасылық жағдайларын және бұрын сотты болмағандарын.
"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот 10 сотталушыны ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі-1), 4), тармақшалары бойынша кінәлі деп тапты. "Рақымшылық туралы" заң қолданылып, олардың әрқайсысы 1 жылға 9 айға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Бір сотталушы Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 1), 4), тармақтары, 269-1-бабының 3-бөлігі, 261-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, оған "Рақымшылық туралы" ҚР Заңы қолданыла отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.