Биылдан бастап мектеп түлектері аттестатты цифрлық нұсқада алады
Енді аттестатты eGovMobile мобильді қосымшасындағы Bilim жаңа қызмет көрсету сервисінен алуға болады.
Елімізде биылдан бастап мектеп түлектеріне аттестаттары Egov Mobile қосымшасынан беріле бастайды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, цифрлық құжаттардың қатары негізгі орта және жалпы орта білім туралы аттестатпен толықты. Оны eGovMobile мобильді қосымшасындағы Bilim жаңа қызмет көрсету сервисінен алуға болады.
"Биылдан бастап мектеп түлектері аттестаттарын цифрлық нұсқада ала бастайды. Ол үшін eGovMobile мобильді қосымшасындағы Bilim сервисіне өту керек, мұнда "Менің балаларым" бөлімінде ата-аналар мен заңды өкілдері үшін кәмелетке толмаған балалардың құжаттары қолжетімді болады", - дейді цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.
Еске салсақ, осыдан бір ай бұрын ҚР Оқу-ағарту министрлігі eGovMobile мобильді қосымшасында Bilim жаңа сервисін іске қосқан болатын. Мұнда білім туралы мәліметтер, цифрлық құжаттар берілген бірнеше бөлім бар. Ал бір жыл бұрын қосымшада колледж дипломдары QR-кодпен беріле бастаған еді.