Қоғам

«Шын айтам, бұл менің балаларым»: Павлодар облысында орманда табылған отбасының мүшесі жазаланды

Ер адам иммиграциялық заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

Павлодар облысындағы орман алқабынан табылған көпбалалы отбасының оқиғасына қатысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ер адам иммиграциялық заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Белгілі болғандай, ол Қазақстаннан сегіз жыл бұрын кетуі керек еді. Сот кеңсесі материалдарына сәйкес, ер адам Павлодар облысына 2016 жылдың жазында келген.

«Ресей азаматы 2016 жылдың 19 қыркүйегінде тіркеу мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасында қалып қойған. Сөйтіп ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған», - делінген сот құжатында.

Белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын мерзімге кетуден жалтарғаны үшін ресейлік азаматқа 25 АЕК (99 300 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

«Сот істің мән-жайын, жасалған қасақана құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлі тұлғаның мүліктік жағдайын, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайды ескере отырып, қылмыстық жауапкершілікке тарту түріндегі неғұрлым жеңілірек әкімшілік жаза тағайындауды мүмкін деп санады. Сомасын 30 пайызға (64 610 теңге) азайтып, әкімшілік айыппұл салынды», - делінген құжатта.

Еске салсақ, осы жылдың сәуір айында Павлодар облысы Кемеңгер ауылының маңындағы орманда ресейлік азамат әйелі және алты баласымен жерде ұйықтап жатқан жерінен табылған болатын.