Қоғам

Германияда жоғалған Айгүлдің ағасы жаңа, тың деректермен бөлісті

Ағасы: Айгүл соңғы кездері видео қоңырауда дауысы қырылдап шығып, жүзін көрсетпей сөйлесетін.

Германияда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен қазақ әйел Айгүл Сайлыбаева бір аптадан бері іздестіріліп жатыр. Осы орайда Halyq Uni тілшісі жоғалған азаматтың туыстарымен сөйлесіп, Айгүл жайындағы соңғы мәліметтерді сұрастырып көрді.

Айгүлдің інісі Қанат Сайлыбаевтың айтуынша, әпкесін куәгерлер соңғы рет 3 маусым күні таңертең сағат 08:30 шамасында балабақшада көрген.

Айгүлдің жоғалғанына тура бір апта болды. Соңғы рет алдыңғы дүйсенбіде хабарласқанбыз. Ол сейсенбіден бастап еш жерде байланыста жоқ. Соңғы рет оны таңертеңгі сағат 8:30-да балабақшада көрген екен. Одан басқа ешқандай мәлімет жоқ, - дейді ол Halyq Uni тілшісіне.

Туысының айтуынша, Айгүл жоғалғаннан кейін екі күннен кейін енесі де ұшты-күйлі жоғалған. Қазір Бенсхайм қаласының полициясы Айгүл Сайлыбаева мен күйеуінің шешесі Наталья Донцоваға іздеу жариялаған.

«Қазір іс қозғалған. Енесі Айгүл жоғалғаннан кейін екі күннен соң із-түссіз жоғалып кетті, бізге беймәлім болып тұр. Екі-үш мәрте оған (Наталья Донцоваға – ред.) телефон шалғанымда «я не виновата, я не знаю где она» деп тастай салған еді. Айғайлап сөйледі. Айгүлдің досы хабарласқанда ентігіп сөйлеп, бос емес екенін айтқан. Осыған дейін Айгүл бізге, әке-шешемізге ештеңе айтпаған, шағымданған жоқ. Өзінің жақын достарына ғана айтқан. Сол қыздардың айтуынша, ол бір жылдан бері қаржылай тәуелді болып келген. Күйеуі PhD бітірген, Қазақстан азаматы. Мұны бұрын білген болсақ шара қолданатын едік», - дейді Қанат Сайлыбаев.

Қанат жанжалдың өршуіне күйеуі Александрдың Айгүлден жасырып, баласына өзге елдің құжатын жасатуы себеп болғандығын айтады.

«Өз ойымша, Айгүлдің жоғалу себебі күйеуі мен күйеуінің туыстары, шешесі тарапынан болды деп есептеймін. Айгүл жоғалып кеткен соң енесі жайдан-жай екі күннен соң жоғалмайды. Күйеуі мен оның туыстары олардың тұрып жатқан, өзге де үйлерінің мекен-жайын бергісі келмеді. Олар тек үш күн өткен соң ғана берді. Полиция тексеруге тек үш күненнен соң барды. Бұл аралықта ол үйде не болды, не қирады, соның барлығын жуып-шайып қоюға толық мүмкін болды. Жолдасымен сөйлесе алмадық. Айгүлдің өлі не тірі екені белгісіз. Естуімше, Александр қызына бөтен елдің құжатын – паспортын жасатқан. Оны Айгүл біліп қойған, сол жанжалдың өршуіне себеп болуы мүмкін. Соңғы рет Айгүл бір айдан астам уақыт видеода өзін көрсетпей, баласын ғана көрсетіп келді. Дауысы қырылдап жүрді. Оны бізге суық тиді деп түсіндірді. Сәуір айынан бастап Айгүлге қатты қысым болып, ұрған сияқты», - деп күдіктенеді ол.

Қазір Айгүлдің жақын туыстары Германияға виза алудың қиын болып жатқанын атады.

СІМ және Қазақстанның консулдығы барынша көмек беріп жатыр. Дегенмен немістер тарапы көмек көрсетуге асықпай отыр. Өткен сәрсенбіден бері Алматыдағы неміс консулдығының қабылдауына кіре алмай, әлі күнге дейін виза ала алмадық. Полиция қызметкерлерінен әлі хабар жоқ, не істеп жатқаны айтылмай отыр. Германия ғана емес, Еуорпа, өзге де батыс елдерінің медиасында Айгүлдің жоғалғаны туралы ақпарат кең тарап жатыр. Мүмкіндік туса Германияға барғымыз келеді, оған қолымыз жетпей отыр, - деп атап өтті ол.

Айгүлмен соңғы рет сөйлескендердің бірі – оның анасы Шолпан. Айгүл оларға жағдайының жақсы екенін, балабақшадан үйге қайтып келе жатқанын айтқан. Анасының сөзінше, видеобайланысқа жиі шығатын қызы соңғы бір айдан бері тек аудиомен сөйлесіп келген.

«Қызымызбен соңғы рет әкесі екеуміз сөйлестік. Кішкентай қызын 15 күн үзілістен соң балабақшаға апарып келе жатқанын айтқан. Содан кейін байланысқа шықпады, дүйсенбі сағат түскі екіден соң байланыс үзілді. Оларда таңғы сағат тоғыз кезі. Бұрын ол видео байланысқа жиі шығатын, кейінгі кезде аудиомен ғана сөйлесетін болды. Оған сол кезде мән бермедім. Енді ғана «неге солай болды екен?» деген сұрақтар туындап жатыр. Алматыдағы құрбыларына енесінің қол жұмсағанын жазыпты. Қыздар оны Айгүл жоғалған соң айтты, біз ол жайлы білмедік», - деп түсіндірді Айгүлдің анасы.

Анасының айтуынша, Айгүл кішкентайынан табанды, еңбекқор болған.

«Алдына мақсат қоятын болса, соған қажырлы еңбегімен жеткен адам. Бейнсхайм қаласының полиция қызметкерлері консулға жазған арызымыз бойынша іс қозғады. Қандай нәтиже шыққаны бізге әлі белгісіз. Олардың заңы басқа, біздің заңымыз басқа. Біз тек жақсылықтан үміттенеміз, тілеуміз сол ғана. Басқа жағдайды ойлағымыз да келмейді. Жақсылық болсыншы, аман-есен болсыншы деп отырмыз», - дейді Айгүлдің анасы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Айта кетелік, Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы болып қызмет еткен, сондай-ақ ол «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 1984 жылы туған Қазақстан азаматы 2019 жылдан бері күйеуі Александрмен бірге Франкфурттен 40 шақырым жердегі Бенсхайм қаласында тұрып жатқан. Туысқандары Айгүлдің отбасынан жәбір көріп жүргені жайлы тіс жармағанын, тек достарына ғана баяндағанын айтады. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның Берлиндегі бас консулдығы мен елшілігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау үшін Германияның сыртқы істер министрлігіне тиісті үндеу жолдағанын айтты.

Жергілікті полиция куәгерлерден Айгүлге қатысты қандай да бір ақпарат болса 06252/706-0 нөміріне немесе 10 Heppenheimer Kripo бөлімшесіне хабарласуды сұрап отыр.