Басты жаңалықтар

Абай облысында шегіртке қаптап, тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды

Қазір зиянкестермен күресу жұмыстары жүргізілуде

Абай облысында шегіртке қаптады. Зиянкестер әсіресе Ақсуат ауданындағы жайылым мен шабындық жерлерді отап жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар шегірткенің көптігінен, қыстық мал азығын дайындай алмай қаламыз деп қауіптеніп отыр. Ал аудан атқамінерлері алқаптарды дәрілеу жүргізіліп жатқанын айтады. Қазір Шымкенттен келген мамандар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2000 гектар алқапты залалсыздандырып жатыр.

Сондай-ақ үш елдімекенге қарасты жайылым жерлерді де дәрілеу жоспарланған. Ақсат ауданындағы 6 900 гектар аумақты шегіртке басқан деген болжам бар.

«Ауданда саяқ шегірткесінің экономикалық зиянды шегі 1500 гектарды құрап отыр. Бұл Қызылкесік ауданында 1360 гектар. Екпін ауылында 200 гектар», - деді Ақсуат ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бейбіт Сербатыров.