Қостанайлық полицейлер жүрегі ұстап қалған ресейлік азаматты құтқарды
Көше бойында инфаркт пен инсультті қатар алып құлаған азаматқа қос полицей алғашқы көмек көрсетіп, оны бір өлімнен алып қалған.
Рудный қаласының Ішкі істер басқармасының Жергілікті полициясының қызметкерлері Мақсұт Досыбаев пен Рамзан Тимухаев көшенің ортасыда жүрек талмасы ұстап қалған мәскеулік азаматқа шұғыл түрде көмек көрсеткен, деп хабарлайды Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Жергілікті полицейлер Парковая көшесіндегі кезекшілік кезінде аяқ астынан жерге құлаған азаматты байқаған. Тәртіп сақшылары ер адамның жанына жылдам жетіп, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп үлгерген. «Ер адамның оң жақ денесі ұйып, өздігінен қозғала алмай қалған. Жедел жәрдемді күтпей, науқасты дереу ауруханаға жеткізу қажет деп шештік. Біз үшін бір минут та маңызды екенін түсіндік», - деп еске алады Жол-патрульдік полициясы рота взводының командирі Мақсұт Досыбаев. Науқас ауруханаға жеткізілгеннен кейін алдымен инсульт, кейін инфаркт алғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ер адам Рудный қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. «Жылдам әрекет етуге тырыстық, сол себепті еш алаңдаған жоқпын. Полиция қызметкері кез келген уақытта көмек қолын созуға әзір болуы керек. Сондықтан медицинаға қызметіміздің ажырамас бөлшегі ретінде қараймыз», - деді Рамзан Тимухаев. Науқастың туыстары ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетовтің атына алғыс хат жазды. Онда полиция қызметкерлерінің көрсеткен көмектері үшін зор ризашылық білдіретіндерін жеткізді.