Қоғам

"Оған 19 миллион теңге мен көлік бердім": әйелін ұрды деп айыпталған экс-әкім сотта өз нұсқасын айтты

Ибрагимов әлеуметтік желідегі көп қысымға байланысты қызметінен кетуге мәжбүр болғанын айтты.

Атырауда экс-әйелін ұрып-соқты деп айыпталған Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовке қатысты сот отырысы өтті. 12 маусымда күдіктіден жауап алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Informburo.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ринат Ибрагимовтың айтуынша, бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиеваның бопсалауы екі жыл бұрын басталған. Ерлі-зайыптының арасындағы жанжал 2023 жылы 31 мамырда Ақмарал балаларды үйде жалғыз қалдырып, фитнеске кетіп қалған кезде туған.

"Мақат ауданының әкімі болып 2022 жылдан бері жұмыс істеймін. Қызметте жүргенде түрлі арандатушылық болады. Дегенмен заңды әйеліммен мұндай жағдай болады деп мүлдем ойламаған екенмін. Сол күні мен анама бір сағаттан кейін үйге келетінімді ескерткенімде олар тойда еді. Үйге келсем ұлым мен қызым үйде жалғыз отыр. Ал тағы бір қызым болса жоқ", – дейді Ибрагимов.

Ол Үмбетқалиеваға бірнеше рет қоңырау шалған, алайда теелфонды көтермеген.

"Содан әкеме қоңырау шалып, қызымды сабақтан әкелуін өтіндім. Әкем тойдан шығып, қызымды үйге әкелді. Кешкі сағат 9-10 шамасы далаға қараңғы болып кеткен. Қызым үйге жылап кірді. Жаңбыр жауып тұр, киімдері су болып қалған. Қазір қоғамда түрлі жағдай болып жатыр, мен Ақмаралдан “Сен қызың үшін мүлдем қорықпайсың ба?” деп сұрадым. Қызым ол оқиғаның жалғыз куәгері, оның сөзін естідіңіздер.

Ұрыс туды, бірақ ұрып-соғу болған жоқ. Мен оның істегені дұрыс емес екенін айттым. Бөлмеге кіріп, киініп үйден шықтым. Осы кезде ол қыздарға жиналыңдар дей бастады, бірақ олар ешқайда бармайтынын айтты. Өздеріне  2013 жылдан бері әжесі қарайтынын жеткізді. Сосын кішкентай ұлымызды алып, аулада серуендейтінін ескертіп, кетіп қалды", – деді Ибрагимов.

Ол әйелі оны жұмыстан шығаратынын айтып қорқытқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Үмбетқалиева президент әкімшілігіне күйеуімен арасында болған жеке жазбаларын жіберген.

"Әйелім бұл жазбаларды әлеуметтік желіде жария етемін деп қорқытты. Оны мұндай қадамға біреу итермелеп немесе көндірген болуы керек. Қазір әйелімнің жасап жатқан қылықтары балаларға әсер етеді. Оның көздегені мені жұмыстан шығару болатын", – деді Ибрагимов.

Ибрагимов әлеуметтік желідегі көп қысымға байланысты қызметінен кетуге мәжбүр болғанын айтты. Балаларды ойлағандықтан осындай шешімге келген. Айтуынша, бұрынғы әйелі отбасын сақтап қалу үшін оған бірнеше шарт қойған.

"Мен осыған дейін оған 19 миллион теңге мен көлік бердім. Оның басты шарты баспана алу еді. Осы уақытқа дейін хабарластық, сотқа дейін кездестік. Бірақ сот басталғаннан кейін бәрі өзгерді. Қазір қыздары да анасын көргісі келмейді. Ол мені жұмыстан шығаратынын, бәрінен айыратынын ескертті. Мен бәрін жасадым, бірақ бәрі бекер екен. Ол пәтер сұрады, мен оған ақша тауып бердім, достарыма дейін көмектесті. Ата-анам үнемі көмектесіп жүрсе де, ол олар туралы жаман сөздер айтты. Мен Ақмаралдың әрекетінде үшінші тұлғалардың бар-жоғын білмеймін, бірақ бұл мәселеден оған ешқандай пайда жоқ. Мен одан тоқтатуын өтіндім, бірақ ол қоқан-лоқыларын жалғастырады берді. Ол дегеніне жетті, мені жұмыстан шығарды. Әлеуметтік желілерде Бишімбаев ісі сияқты дау болатынын айтты, солай істеді", – деді Ибрагимов. 

Экс-әкім Үмбетқалиева омыртқасын өзі жарақаттап алуы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, жәбірленуші жиі белінің ауыратынын айтып шағымданған.

"Мен оған фитнеске жылдық абонемент сатып алып бердім. Үнемі белінің ауыратынын айтатын. Сондықтан ол бұл жарақатты басқа жағдайларда алған деп ойлаймын", – деді бұрынғы әкім. 

Іс бойынша келесі сот отырысы 14 маусымда өтеді.