Құбандықты кімдер және қалай шалуы керек екенін біле жүріңіз
Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай, азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп.
Бұл жерде бай деп Құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.
Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.
Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек, әйелінің де табысы күнкөрістен тыс, артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуға тиіс.
Құрбандықты бірігіп шалу шарттары
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбандыққа шалады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуына болады.
Құрбандықты бірігіп шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға болмайды.
Құрбандық шалу дұғасы
Құрбандық ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылған абзал: "Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ".
Мағынасы: "Менің намазым да басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір Аллаға арналады. Оның еш серігі жоқ".
Одан кейін: "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд" – деп, тәкбір айтып, "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" – деп бауыздалады.
Тек қана құрбандық шалушының ғана "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" – деуі жеткіліксіз. Малды бауыздаған адам да "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" – деуі керек. Әдейі ұмытпастан "Бисмиллаһ" деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам.
Құрбандық шалушы малды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуі де "Бисмиллаһ" деп айтуы керек. Сойылатын мал құрбандық шалу ниетімен бауыздалуы шарт.
Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
Құрбандық шалу уақыты
Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.
Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.