Қоғам

Арапа күні: оқылатын дұғалар мен жасалатын амалдар

Бұл күні бес парыздың бірі, қажылық парызын өтеу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен қасиетті Мекке шаһарына жиналған қажылар Арафат тауында тұрып, Аллаға мінәжат етеді.

Зұлхижжа айынының оныншы күні, яғни маусымның 16-шы жұлдызы Құрбан айт. Ал оның алдындағы күн, яғни бүгін – Арапа, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап. 

Арапа күні сөзі арабтың «ъарафа», яғни, «білу, анықтау, түсіну» мағынасына сай келеді. Бізде оны қарияларымыз «Қарапа» деп те атайды. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе  әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.

Қазақ халқы бұл күнді әуелден қадірлеп, құрметтей білген. Арапа күні құрбан айт мерекесіне ерекше дайындық жасап, марқұмдарға дұға бағыштап, бір-біріне қонаққа барып, ұлық мейрамның келгеніне қуанған.

Бұл күні бес парыздың бірі, қажылық парызын өтеу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен қасиетті Мекке шаһарына жиналған қажылар Арафат тауында тұрып, Аллаға мінәжат етеді.

Ал қажылыққа бара алмаған адам бұл күнді қалай өткізгені абзал?

Ең алдымен Арапа күнін құрметтеу.Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн» (Дәйләми) десе, тағы бір өсиетінде: «Арапа күні құлағына, көзіне және тіліне ие болған адам кешіріледі» (Табарани) деген.

Екінші, денсаулығы жарап, шамасы келсе ораза ұстау. Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені сахих хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...» (Муслим) , – деп бұл күнгі оразаның маңыздылығын баса айтуда.

Үшіншісі, дұға тілеу. Хадисте: «Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға...»(Тирмизи), – деген. Басқа бір хадисте «Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға» (Бәйһақи) дейді. Сол үшін осындай қасиеті мол күнді бос өткізбей, дұғамен күнімізді берекелі еткен жөн болады. Дұғамыз арқылы еліміз бен жеріміздің, жанұямыз бен ағайынның амандығын тілеу қажет.

Бұл күні намаз оқу міндет болған әрбір мұсылманға тәкбір-тәшриқ айту – уәжіп. Бұл дұға тек парыз намаздардан кейін айтылады. Сүннет, үтір, нәпіл намаздардан кейін айтылмайды.

Тәшриқ-тәкбір Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың үшінші күні екінті намазынан кейінге дейін аралықта оқылады.

Тәшрик-тәкбірдің айтылуы: «Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр. Лә иләһә илаллаһу уАллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр уә лилләһил хамд»

Төртінші – тәубе ету. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары –жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», - деген. Демек күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Сол үшін Арапа күні мейірім есігі ашылған кезде, Аллаға тәубе жасап, күнә-қателіктеріміздің кешірілуін сұрайық. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады» деген. (Дәйләми)

«Төрт түннің күндізі де түні секілді құнды болып келеді. Алла Тағала ол күндері дұға еткен адамның тілегін кері қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға қауышады. Бұлар: Қадір түні, Арапа түні, Бәраат түні, жұма түні және күндері» (Дәйләми)

Бесінші – кешірімді болу: Кешірім – иманның шынайы көрінісі. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Кешіре әрі райдан қайта біліңдер, өйткені кешірім мен мейірімділік таныту пенденің маңыздылығын арттыра түседі. Егер Алланың сізді ұлықтауын қаласаңыз, онда өзгелердің де күнәларын кешіріңіз».

Сондай-ақ елімізде әдетте арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады.

Ендеше Зұлхижжа айының тоғызыншы жұлдызы, Арапа күнінде сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс.