Мәдениет

Алматылықтар Мұрат Әуезовты соңғы сапарға шығарып салды

Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі Мұхтар Әуезов атындағы театрда болды.

16 маусым, жексенбі күні Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі өтті, жаназасы сол жерде шығарылды, деп жазды KYN.KZ  тілшісі  Азаттық сайтына сілтеме жасап.

Шығыстанушы, мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов ұзаққа созылған дерттен кейін 14 маусымда Алматыда дүниеден озған.

Мұрат Әуезовті ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам келді. Олардың арасында қазақстандық қоғам қайраткерлері, парламент депутаттары, журналистер мен қарапайым тұрғындар болды. Марқұмның отбасы мен туыстарына кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты.

Марқұмды Алматының орталығындағы Райымбек даңғылы бойындағы зиратта жатқан марқұм әкесі Мұхтар Әуезовтің қасына жерледі.

Мұрат Әуезов 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген. Ол – белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы.

1965 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша бітірген. Әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты.

Совет өкіметі тұсында Мұрат Әуезов "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы "Мир" телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990) сияқты шығармашылық қызметтер атқарған.

Мұрат Әуезов қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Жас кезінде Мәскеуде оқитын қазақ жастарының қазақ мәдениетін дамытуға бағытталған "Жас тұлпар" мәдени-ағарту ұйымына кірді. Кейін мемлекеттік қызметте де істеп, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, кеңес президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990), Ұлттық кітапхана директоры (2003-2006) сияқты қызметтер атқарған. Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі (1992-1995) болды.

Мұрат Әуезов қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. "Невада – Семей" антиядролық қозғалысының вице-президенті, 1996 жылы жаңадан құрылған, өзін "конструкциялық оппозициямыз" деп атаған "Азамат" қозғалысының тең төрағасы болды. 2000 жылдардың басында "Сорос – Қазақстан" қорында басшы қызмет атқарды әрі "Қоғамдық қорғау" қорының бір құрылтайшысы болды.

2019 жылы Қазақстандағы бірқатар қалада "Қытай экспансиясына қарсы" шерулер өткен кезде билікті наразы халықтың "үніне құлақ түруге", Қытай ықпалының күшеюі кейін қандай салдарға әкелетінін зерделеуге шақырған.

Ол өмірінің соңына дейін Қазақстандағы қоғамдық-саяси процестерге үн қосып, азаматтық ұстанымын білдіріп келді. 2022 жлғы Қаңтар оқиғасы (ресми дерек бойынша 238 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған) кезінде ұсталғандары қорғау жөніндегі "Араша" комитетінің құрамына кірді. Ал содан он жыл бұрын, 2012 жылы қаңтарда бірнеше қоғам қайраткерімен бірге Алматының Республика алаңына шығып, Жаңаөзен оқиғасы кезінде бейбіт тұрғындарға оқ атқан (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған) биліктің іс-әрекетін айыптаған.

2006 жылғы Алматыдағы "Шаңырақ оқиғасы" аталған билікке қарсы наразылық кезінде ұсталып, қамалған азаматтарды қорғау жөніндегі қоғамдық комитетке мүше болып, ұзақ жылға сотталған Арон Атабекке араша сұрап күрескендер арасында болды.

Мұрат Әуезов көркемдік процестің теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымның, сондай-ақ "Уақыт байланыстырушы – жіп" (1972), "Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару" (1997) және "Қайту үшін кету" (2002) сияқты еңбектердің авторы.