Атырауда бұрынғы жігіті әйелді подъезде желкесінен бірнеше рет пышақтап тастады (видео)
30 жастағы әйел жансақтау бөлімінде жатыр, полиция 29 жастағы жігітті іздеуде.
Атырауда дүкен кассирін бұрын азаматтық некеде тұрған күйеуі аңдып тұрып пышақтап кеткен. Әйел алған жарақатынан қансырап, қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Видео #Немолчи қорына келіп түскен. Кадрда ер адам әйелге пышақпен тап берген. Тап берген адам оның бұрынғы жігіті.
- Ол бірнеше рет пышақ салған, олардың бірі денеге терең сұғылған. Мұқият қараңыз ол пышақты тамаққа қарай қалай бағыттайды. Сондай-ақ, баспалдақтың астында жасырынып, оны күтіп тұрғанына назар аударыңыз.
Әйел қаланың белгілі супермаркетінде жұмыс істейді, кіреберістегі дәретханаға шыққан. Қазір ол реанимацияда жатыр, – делінген хабарламада.
Облыстық ПД мәліметінше, ер адам мен әйел азаматтық некеде болған. Қазір шабуылдаған адам іздестіріліп жатыр.
9 маусым күні Атырау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде 30 жастағы әйелді өлтіруге оқталған 29 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Жеке басы анықталып, күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Күдікті мен жәбірленушінің азаматтық некеде тұрғаны анықталды, - делінген Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.