Ирландияда оқитын бала өскемендік әкесін сотқа берді
Сот студент баланың өтінішін орындап әкесіне қарсы үкім етті
Өскемен қалалық ювеналдық сотында кәмелеттік жастағы баланың әкесіне қарсы алимент дауы қаралды. «Солтүстік Ирландияда оқып жатқан бозбала Өскеменде тұратын әкесінен оқу шығындарын өтеу мақсатында алимент талап еткен. Ал өскемендік әке ұлы шетелде оқып жатқандықтан, алимент төлеуге құлықсыз екенін айтты. Ол сот алдында ұлының «Қазақстанда да оқуына болар еді» деген уәж айтты» - делінген ресми ақпаратта. Алайда, бұл уәж сот залында айтарлықтай әсер туғыза алмаған. Заң бойынша бозбала қай елде білім алатынын өзі таңдай алады. Өскемендік тұрғын сот шешімі бойынша ұлы сұраған 2 айдың алиментін төлеуге міндеттелді. Ол сома 15 айлық есептік көрсеткішке тең.